АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Қазақстанда мамыр-маусым айларында алаяқтарға алданып қалған зейнеткерлердің саны күрт өсті. Шығынның көлемі 130 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды Polisia.kz
Алаяқтар соңғы кезде кеңінен тараған айла-амалмен зейнеткерлерді алдайды. Телефон шалып, жақын туыстары жол-көлік оқиғасын жасағанын айтады. Ал оларды жауапкершіліктен құтқару үшін ақша талап етеді.
Бүгінде алты қалада 30-дан астам адам ұсталып, алтауы қамауға алынды. Басым бөлігі – ақша алып кетуге келген "курьерлер". Олардың ішінде "Яндекс такси" жүргізушілері, тамақ жеткізушілер, жоғары оқу орындарының студенттері мен кәмелет жасына толмағандар бар.
Мәселен, 22 маусым күні Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөліміне 79 жастағы зейнеткерден арыз түсті. Оған белгісіз біреу хабарласып, өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған. Сосын қызы қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғасына кінәлі болғанын айтқан. Ал қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін 15 мың АҚШ долларын беруді талап еткен. Зейнеткер ондай ақшасының жоқ, алайда қолында 9400 АҚШ долларының бар екенін айтқан. Сол кезде "жалған" полицей далаға шығып, ақшаны курьерге беруді бұйырған. Зейнеткер далаға шығып, қолындағы 9400 АҚШ долларын белгісіз бір курьерге берген. Артынан қызына хабарласқанда, ешқандай жол-көлік оқиғасы болмағанын білген.
Полицелер ақшаны алып кеткен 20 жастағы жігітті ұстады. Ол өз кінәсін мойындады. Жауап беру кезінде жұмыс ұсынған адаммен әлеуметтік желі арқылы танысқанын жеткізді. Міндеті – зейнеткердің мекенжайына барып, ақшаны алып кету. Тапсырманы орындағаны үшін 400 АҚШ долларын алып қалған. Ал қалған ақшаны желі арқылы "жұмыс берушіге" жіберген. Сондай-ақ күдіктінің осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатысы бары анықталды. Бірінші жағдайда шығын көлемі 8,4 млн теңге болса, екінші жағдайда 4 миллион теңгені құраған. Жәбірленушілердің барлығы – зейнеткерлер.