АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Сарапшылар мұнай алу коэффициентін арттыру жөніндегі стратегиялық сессияда "ҚазМұнайГаз" кен орындарындағы мұнай өндіру өнеркәсібінің технологиялық сын-қатерлерін талқылады, деп хабарлады ұлттық компаниядағылар.
Сессияда әлемдегі бүгінгі құбылмалы жағдайда саланы қалай дамыту керек, шетелдік мұнай жеткізушілерімен лайықты бәсекеге түсу үшін Қазақстандағы көмірсутектерді геологиялық барлау мен логистика саласында нені өзгерту керектігі талқыланды.
Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, мұнай-газ саласын дамытудағы әдістері өзгеруінің жаһандық қарқырны Қазақстан нарығында көрініс тауып, бұл елдің мұнай секторындағы іс-әрекетінде жаңа ережелерді айқындады.
"ҚазМұнайГаз кен орындарының негізгі проблемалары өндіру жұмыстарын жүргізу қиын қорларды игеруге байланысты болып отыр. Олардың көп бөлігі тұтқырлығы жоғары мұнайы бар, өткізгіштігі төмен және карбонатты коллекторлары бар кен орындарында шоғырланған", - деді "ҚазМұнайГаз" басшысы сессияға қатысушыларға арнаған сөзінде.
Ол ҚМГ кен орындарында мұнай өндіруді ұлғайту үшін оңтайлы технологияларды анықтауға және енгізуге, сондай-ақ оларды тираждауға мүмкіндік беретін жаңа технологияларға тәжірибелік сынақтар және мониторинг жүргізу тәсілдерін біріздендіру қажеттігін атап өтті.
"Біздің алдағы бес жылдағы басты міндетіміз – бұл технологиялық сын-қатерлерге қатысты инженерлік шешімдерді сәтті қолдану ғана емес. Біз әлемдегі балама кен орындарында инновациялық технологияларды қолдану тәжірибесін ескере отырып, кен орындарының мұнай алу коэффициентін арттыру бойынша жол картасын ұстануымыз керек", - деді Мырзағалиев.
Сессияда мұнайдың ең көп қоры бар "ҚазМұнайГаз" АҚ-ның 12 ірі кен орнының (олардың жалпы саны 70-ке жетеді) бірыңғай диагностикалық картасы ұсынылды.
Компанияда атап өтілгендей, кен орындары 5 бағыт бойынша – геология, игеру, өндіру, бұрғылау, инфрақұрылым, сондай-ақ 14 технологиялық параметр (қорларды толықтыру, өндірілген өнімдегі судың деңгейі, орташа тәуліктік дебит, ұңғыма траекториясының сәйкестігі, тозу деңгейі, жер үсті инфрақұрылымның шектеулері, электр қуатының ажыратылуы және тағы басқа) бойынша бағаланды. Технологиялық параметрлердің 17 критерий бойынша әсері бөлек зерттелді.