АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебақылау жүйесін сындырғаны үшін қылмыстық жаза енгізуді тапсырды, деп хабарлады Ақорда.
Бүгін президент "Қылмыстық атқару жүйесіндегі үздіксіз бейнебақылау" жобасымен танысты. Бүгінде 52 түрмеде 22 042 бейнекамера орнатылған. Жыл соңына дейін 26 мекемеде 13 822 бейнекамера орнатылады. Осы жоба сотталғандар мен түрме қызметкерлері тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Бейнебақылау нақты уақыт режимінде жүргізіледі.
Ресми мәліметке сәйкес, жүйе іске қосылғалы бері тіркелген құқық бұзушылықтар саны 40 пайызға артты. Үш рет түрмеден қашу және 13 мәрте өз-өзіне қол жұмсау әрекетіне тосқауыл қойылды. Ал сотталғандар заңсыз әрекеттерін жасыру үшін бейнебақылау камераларын бүлдіріп, істен шығаруға тырысады. Олар жыл басынан бері 300-ден астам камераны сындырған.
Президент бейнебақылау жүйесіне нұқсан келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді тапсырды.