"Арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз": Қошанов үкіметті сынап тастады

Sputnik
АСТАНА, 30 маусым – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған парламенттің бірінші сессиясының жұмысын қорытындылап, үкіметтің жұмысын сынға алды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Спикер сессия барысында үкіметпен қоян-қолтық жұмыс атқарылғанын атап өтті. Осы кезеңде 5 үкімет сағаты өткізілген. Үкімет мүшелері ғылым, агроөнеркәсіптік кешен, өңірлік стандарттар, инвестициялық климат және басқа да салалардағы ахуал туралы баяндады. Қошанов осындай конструктивті ынтымақтастық келесі сессияда жалғасын табатынына сенім білдірді. Сондай-ақ ол үкіметпен бірлесе жұмыс істеу кезіндегі кейбір мәселелерге тоқталды.
"Біріншіден, үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын мәжіліске уақтылы ұсынбайды. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр", - дейді мәжіліс төрағасы.
Қошанов үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және парламентке енгізуді тездетуді тапсырды. Екіншіден, оның айтуынша, депутаттардың түзетулері мен толықтыруларына үкімет қорытындысын қарау мерзімі тым ұзақ.
"Белгіленген тәртіп бар. Бірақ ол тәртіп көп жағдайда сақталмай отыр. Соның салдарынан кейбір заң жобаларының қабылдануы кідіріп тұр. Сондықтан үкіметке қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарау керек деп санаймыз. Біз жұмысымызды жаңа бастадық. Алдағы уақытта мемлекеттік органдар депутаттардың бастамаларын қараған кезде ведомстволық мүддемен шектелмеуге тиіс", - деді спикер.
Үшіншіден, жалпы отырыстарға, жұмыс топтарына келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы төмен. Мәжіліс төрағасы үкімет мүшелері жауаптарының сапасы сын көтермейтінін атап өтті. Бұл депутаттық сауалдарға берілетін жауаптарға да қатысты.
"Біз депутаттық сауалдарда халықты толғандыратын өзекті мәселелер көтеріп, сайлаушылардың тілегі мен аманатын жеткіземіз. Өкінішке қарай, бізге толық жауаптың орнына жалпылама, сырғытпа жауаптар ғана келеді. Егер бұл жағдай жалғаса берсе, болашақта депутаттық сауалға ауызша жауап беру үшін біз үкімет мүшелерін арнайы шақыртуға мәжбүр боламыз. Бұл біздің регламентте қарастырылған", - деп ескертті Қошанов.
Айта кетері, парламент депутаттары каникул кезінде өңірлерді аралайды.