АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Сенат депутаттары "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" заңды мақұлдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Заңға сәйкес, заңсыз байыған жеке және заңды тұлғалардың реестрі жасалады. Тізім жабық болады. Бұрынғы шенеуніктер мен мемлекеттік ұйымдардың экс-басшылары да, олармен байланыста болған барлық адам күдіктілер қатарына кіруі мүмкін. Мысалы, жақын туыстары, таныстары, көлік жүргізушісі, тіпті үй қызметшісі де күдікке ілінуі ықтимал.
Тізім жабық болса да, ашық жұмыс істейтін арнайы комиссия құрылады. Оның құрамына құқық қорғау және мемлекеттік органдардың бірінші басшылары ғана емес, қоғам белсенділері мен депутаттар да кіреді.
Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бойынша арнайы мемлекеттік қор және басқарушы компания да құрылады. Елге қайтарылған қаражат қордың шотына түседі. Ал басқарушы компанияның міндеті – заңсыз алынған мүлікті сатып, ақшасын арнайы қорға аудару. Басқарушы компанияның жалғыз құрылтайшысы үкімет болады.
Қайтарылған ақша Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік және экономикалық жобаларды қаржыландыруға жұмсалады.
Заң жобасында активтерді қайтарудың ерікті немесе мәжбүрлі тәртібі қарастырылған.
ерікті түрде қайтару. Өздеріне тиесілі мүлікті мемлекетке өтеусіз беру жолымен жүзеге асады;
соттың шешімі негізінде қылмыстық процесс аясында заңсыз алынған активтерді тәркілеу;
сот активтерді негізсіз байлық ретінде таныса және мүліктің қылмыстық жолмен алынғаны дәлелденсе, заңсыз алынған активтерді мәжбүрлеп қайтару;
соттың немесе шет мемлекеттердің өзге де уәкілетті органдарының шешімдері негізінде тәркілеу;
Бүгін сенаторлар заңды бірден екі оқылымда мақұлдады. Енді, оған президент қол қоюы тиіс. Осыдан кейін заң күшіне енеді.