Қоғам

Ұлттық қор – балаларға: кім, қашан және қанша ақша алады

"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады
Sputnik
АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Келесі жылдан бастап балалар Ұлттық қордан өз үлесін алады. Қазір тиісті заң жобасы парламентте қаралып жатыр. Заң қабылданып, президент қол қойған соң, еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарына арнайы шот ашылып, жыл сайын ақша аударылып тұрады. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы туралы толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.

Тоқаевтың бастамасы

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасын былтыр қыркүйекте Қазақстан халқына жасаған жолдауында президент ұсынған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы керек екенін мәлімдеді.
"Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді", - деп санайды мемлекет басшысы.
Ол Ұлттық қор шынымен "ұлттық" деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.
"Ұлттық қор – балаларға" жобасы 2024 жылы 1 қаңтардан бастап іске қосылады.

Бағдарламаға кімдер қатысады

Кәмелетке толмаған әрбір қазақстандық бала Ұлттық қордан өз үлесін алуға құқылы. Соңғы деректерге сүйенсек, елімізде 18 жасқа дейінгі 6 млн 700 мың бала бар екен.
Егер 18 жасқа толмаған бала шет елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шықса, онда оған Ұлттық қордан ақша төленбейді. Ал егер бала шетелде өмір сүрсе, бірақ Қазақстан азаматтығын өзгертпесе, оның шотына кәмелет жасқа толғанға дейін қаражат аударыла береді.
Егер бала азаматтығын өзгертіп, шетелде белгілі бір уақыт тұрып келсе және Қазақстанға оралғаннан кейін республика азаматтығын қайта алса, онда арнайы жинақтаушы шот жаңадан ашылады.

18 жылда шотта қанша ақша жиналады

Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы аударылатын арнайы шот балаларға автоматты түрде ашылады. Жиналған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алуға тыйым салынады.
Болжам бойынша 2024 жылы дүниеге келген сәбилердің шотында 18 жыл ішінде 3 500 доллар жиналады. Алайда бұл сома өзгеруі мүмкін – бәрі Ұлттық қордың кірістілігіне байланысты.
Ал бағдарламаға 17 жастан бастап қосылған баланың шотына бір жыл ішінде небәрі 100-150 доллар түседі.
Айта кетері, шоттағы ақша доллармен есептеледі және 18 жасқа толғанда доллармен беріледі. Ұлттық қордың қаражатына салық салынбайды.

Ақшаны баспанаға және білімге жұмсауға болады

18 жасқа толған қазақстандықтар Ұлттық қордың табысынан жиналған қаражатты тек екі мақсатта пайдалана алады.
Біріншісі – баспана сатып алу немесе тұрғын үй жағдайын жақсарту. Бұл ретте тұрғын үйді тек Қазақстан аумағында ғана сатып алуға рұқсат етіледі.
Екіншісі – білім алу. Отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқуға мүмкіндік бар.
Заңда қаражатты емге жұмсау мүмкіндігі қарастырылмаған.

Ұлттық қордың табысы қалай есептеледі

Жыл сайынғы аударымдарды есептеу үшін Ұлттық қордың соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісі есепке алынады. Инвестициялық табыстың 50 пайызы кәмелетке толмаған балалар арасында теңдей бөлінеді.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жинақталған қаражат Ұлттық қорда сақталады және оны Ұлттық банк түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды. Одан түскен инвестициялық табыс та балалардың шотына қосымша түсіп тұрады.
Әр жылдың 20 қаңтарына дейін бағдарламаға қатысатындардың соңғы тізімі жасалып, 31 қаңтарға дейін шотқа ақша аударылады.

Қаражат қай уақытта зейнетақы шотына түседі

Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Он жылдан кейін де қажет болмаса, қаржы сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
Бала қайтыс болған жағдайда қаражат туған бауырлары арасында бөлінеді немесе ата-анасына беріледі.

Бір үйдің балалары Отбасы банктен ортақ депозит аша алады

Бір отбасының балаларына Ұлттық қордан жиналған қаражатты Отбасы банктегі ортақ депозитке аудару құқығы беріледі. Яғни ағайынды балалар кәмелетке толғаннан кейін шоттағы ақшасын Отбасы банкіне аударып, бірігіп пәтер сатып ала алады.
Балалардың арнайы жинақтаушы шоттарының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры болады.
Ұлттық қордың ақшасын 16 жасқа толғаннан кейін алуға бола ма