АСТАНА, 29 маусым – Sputnik. Алматы облысы мен Алматы қаласының патрульдік полиция инспекторлары пара алды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Антикор.
Алматы облысы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша патрульдік полицияның 7 қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
"Олар бірнеше рет пара алды деген күдікке ілінді. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алып келген", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ инспекторлар жолда іс жүзінде құқықбұзушылық жасамаған азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденген.
Қазіргі уақытта қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағы 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыс жасағаны соттың заңды күшіне енген үкімімен дәлелденбегенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.