Кентауда адамдар астан уланды: бұл - "Ризық Рауан" дәмханасында болған үшінші жағдай

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 мамыр – Sputnik. Кентау қаласындағы "РизықРауан" дәмханасында тұрғындар үшінші рет уланып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"РизықРауан" дәмханасында былтыр екі рет астан улану жағдайы тіркелген.
"Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425 бабына сәйкес кәсіпкерге 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған", - дейді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Асқар Ысқақов
Дәл осы дәмханада күзде тағы 168 адам астан уланған.
"Ол кезде Қылмыстық Кодекстің 304 бабының 1 тармағы "Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеп тексеру жүрген. Қылмыстық іс былтыр 30 желтоқсанда аяқталды. Зардап шегушілердің кешірім беруіне сәйкес қылмыстық іс қысқартылған", -дейді Асқар Ысқақов брифингте.
Асқар Ысқақовтың айтуынша, кезіндегі кеткен олқылықтар сол күйі жойылмаған.
"Өткен жылы улану бойынша кемшілік өте көп. Өндірістік бақылау болмаған. Дәмханаларға әкелініп жатқан азық түліктің еш құжаты, сертификаты жоқ. Өкінішке орай, жеке кәсіпкерлік орнын біз өз бетімізбен кіріп тексеруге еш құқымыз жоқ. Қандай да бір тұтынушы тарапынан шағым түскенде ғана тексеру жүргізіледі", - деді Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары.
Айта кетейік, Кентауда астан уланғандар саны 90-нан асты.