Астананың іргесінен Алтын Орда дәуірінде салынған кесенелер табылды

Sputnik
АСТАНА, 29 маусым - Sputnik. Астананың іргесінен Алтын Орда дәуірінде салынған қос кесене табылды, деп жазды Хабар 24.
Астананың іргесінен Алтын Орда дәуірінде салынған қос кесене табылды. Бұл академик Әлкей Марғұлан жазып кеткен - Сұлутам мен Сырлытам. Тарихшылар Қорғалжын ауданының бұл тұсы Ұлы Жібек жолының бойы екенін айтады. Сол себепті стратегиялық маңызға ие.
Күрек, кетпен, қылшақ ұстаған археологтар Жошы ұлысы тұсында салынған ескерткіш орнын аршып жатыр. Тарихшылар бұл маңда бес кесене бар дейді. Соның екеуін Әлкей Марғұлан кезінде Сырлытам мен Сұлутам деп сипаттап, жазып кеткен. Археологтар сол кесенелердің дәл үстінен түстік дейді. Бұған қазба кезінде табылған құмыра сынығы дәлел.
"Орта ғасырлық қыш өндірісі тарихында мұндай таңбалар рудың таңбасы немесе сол ыдысты жасаған шебердің таңбасы болуы мүмкін. Көріп тұрғандарыңыздай бұл қазақ ру тайпаларындағы мына таңба қатты келмейді", - ҚР ұлттық музейі археологиялық тарих бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсылманқұл.
Қазба орнынан табылған тағы бір құнды дерек – сырлы қыш. Мұны сол заманда кесененің қасбетін әсемдеу үшін қолданған.
"Мына жерде де сол құйылып оның сырты сырлы бояумен боялып жасалған. –Демек, Сырлы там осы болуы мүмкін деген теорияны растауы мүмкін ғой. – Мүмкін ия, сол кездегі Марғұлан айтып кеткен Қорғалжын ауданы аумағындағы Сырлытам ескерткіштері деректердің осы қазба жұмыстары дәлелдеуі мүмкін", - дейді Пердехан Мұсылманқұл.
Сәулет өнерінің сырлау техникасы негізінен Оңтүстік аймақтағы орта ғасырлық ескерткіштерге тән. Кесекте сақталған сыр да Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қолданылған бояуға келіп тұр. Бұл да Жібек Жолы бойындағы елді-мекендер арасында алыс-берістің дамығанының айғағы, - дейді тарихшылар.
Қазір толықтай аршылған екінші кесене де сәулет тұрғысынан осыған ұқсас болуы мүмкін. Оның да орта ғасырларға тән белгілері бар. Есігі сол кездегі наным-сенімге сай, солтүстік-батысқа қараған.

"Байқап қалғаным, мынадай бір ерекше, кірпіш пе? Не нәрсе? – Енді бұл сегіз қырлы өрнекті кесене. Бұл әсіресе, жаңағы айып отырған орта ғасырлық кезеңдерге өте жиі қолданылған. Мынаның сыртын өрнектеу үшін. Дәл бұны өрнектеді ме, жоқ әлде қасымыздағы кесенеге пайдаланып, кейін мынаның құрылысына пайдаланып жіберді ме, ол нақты белгісіз де. Бірақ шамамен мынаның сыртында жоғарғы жағында болуы мүмкін", - дейді тарихшы-археолог Сырым Есенов.

Сәулет-құрылысы орта ғасырларға тән кесенелердің басқа емес, дәл осы Қорғалжын аумағынан табылуы тек бір нәрсені білдіруі мүмкін: бұл өңір Алтын Орда, Жошы ұлысы дәуірінде үлкен стратегиялық маңызға ие болған. Ұлы Жібек жолымен бойлай қозғалған керуен де осы аумақты басып өткен деген тұжырым бар. Енді осындай ескерткіштердің айдалада еш қараусыз, қоршаусыз бұзылып жатқаны, олардың әр кезеңде тоналғандығы өткенімізді жаңғыртуға күш салған ғалымдар үшін үлкен кедергі. Тіпті мына кесененің егістік аумағынан табылғаны да біраз дүниені аңғартады.