Петропавлда жылу орталығындағы жөндеу жұмыстары кестеден кешігіп жатыр

Sputnik
ПЕТРОПАВЛ, 28 маусым – Sputnik. Петропавлдың ЖЭО-2 және электр желілерінде жөндеу жұмыстары кестеден артта қалып отыр, деп хабарлады Қазақстанның энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Ведомство басшысы алдағы жылыту маусымына дайындықты тексеру үшін "Севказэнерго"АҚ жыл электр орталығына барды. Өңір тұрғындарының алдында есеп беру кездесуі кезінде ол жылу электр орталығында жөндеу жұмыстары бір айға артта қалғанын айтты.
"№9 қазандықты маусым айында тапсыру жоспарланған, енді бұл жұмысты шілдеде тапсыру жоспарланып отыр, бірақ біз үшін станция жылыту маусымына дайын болуы керек", - деп атап өтті Алмасадам Сәтқалиев.
Түтін құбыры құлағаннан кейін министрлік техникалық жағдайды бағалау үшін Петропавл ЖЭО-ға тәуелсіз сараптама комиссиясын жіберген. Комиссия қорытындысы бойынша Петропавл ЖЭО-2 жұмысын қалыпқа келтіруге жол картасы әзірленген. Проблеманы шешу үшін былтыр 6,3 млрд теңге инвестиция бөлінген, ал биыл 5,6 млрд теңге инвестициялау жоспарланған.
Жол картасы бойынша бес блокта, атап айтқанда, №1 түтін құбырын бөлшектеу, №2 түтін құбырын күрделі жөндеу, бірнеше қазандық пен жалпы станциялық, қосалқы жабдықтарды, екі турбоагрегатты жөндеу бойынша негізгі жұмыстар аяқталды.
Бесінші блокта 2024 жылдың 30 қыркүйекте аяқталатын №1 түтін құбырын салу бойынша іс-шаралар көзделген.
Жаңа құбырлардың іргетасын салу жұмыстары аяқталып қалды. Құрылыс аймағынан инженерлік коммуникациялар шығарылды, шұңқыр жасалды, іргетастың металл қаңқасы орнатылды. Осыдан кейін екінші кезең басталады, ол – мұржаның темірбетон бөшкесінің құрылысы.
Сонымен қатар инвестициялық келісімге сәйкес №2 қазандықты қайта жаңарту жоспарланған.
"Біз жаңа құбыр құрылысының динамикасын және газбен қамтамасыз ету мен кәдеге жаратумен байланысты инфрақұрылымды қарастырдық. Олар екінші қазандықтың құрылысына кірді, негізгі құрылымдар сол жерде қойылды. Егер олар қарқынға төтеп берсе, станцияда жылыту маусымы кезінде маңызды тәуекелдер болмайды", - деді ведомство басшысы.
Сәтқалиев компоненттер бойынша күрделі проблемалар жоқ екенін атап өтті. Бірақ аймақтық электр желісі бойынша проблемалар бар.
"Онда желілік шаруашылық пен қосалқы станциялар бойынша жөндеу кестесінен айтарлықтай артта қалушылық бар. Проблемаға негізінен маман жетіспеушілігі себеп болды, 200-ге жуық бос жұмыс орны бар. Біз әртүрлі сценарийлерді талқыладық, мұнда ерекше назар аудару керек. Өңірлік электр желісі компаниясы бойынша жөндеу жұмыстары толық көлемде жүргізілуге тиіс. Әкімдікпен бірігіп бұл міндетті компания иелеріне тапсырдық", - деді министр.
Кездесуге қатысқан Петропавл тұрғындарының бірі компания акционерлері электр энергиясының бағасын көтеру үшін лобби жасап жатқанына қынжылды. Тұрғындар "мемлекет бұл мәселені реттеуді жоспарлап отыр ма, жоқ па" деп сұрады.
Министр бағаны өсіруге мемлекет тарапынан шектеу қойылған деп жауап берді.
"Монополистер кейбір объектілер бойынша бағаны екі есе, 40%-ке көтеруді өтінім білдірді. Біз үлкен талдау жасадық, тек қысқа дайындық кезінде жөндеуге, ағымдағы және күрделі шығындарға байланысты ең қажетті шұғыл шығындарды қалдырдық. Білікті қызметкерлерді ұстап тұру үшін жалақыны көтеру мәселесі де қарастырылды. Біз басқа шығындарды қоспаймыз", - деп сендірді Алмасадам Сәтқалиев.
Ол жалпы "инвестицияға айырбастау тарифі" бағдарламасы егжей-тегжейлі талданғанын, елеулі сараптамалық бағалаудан өтетінін айтты.
"Біз алдын ала есептеулер жасадық. Министрлік, энергетикалық қадағалау комитеті тарапынан қатаң бақылау болады, мұнда біз ашық боламыз", - деді министр.
Ол қазір энергия объектісінің жұмысын қоғамдық бақылау бұрынғыдан да өзекті деп қорытындылады.