АЛМАТЫ, 28 маусым - Sputnik. Ақтауда үш баласын өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Маңғыстау облысының соты.
Қылмыстық іс Маңғыстау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.
"Асқан қатыгездікпен дәрменсіз күйдегі 3 баланы өлтірді деген күдікпен айыпталушы Е.-ге қатысты іс қаралды. Сотталушы Е. балта және ас үй пышағымен қаруланған күйде үйге келіп, үш баласын қасақана өлтірген", - делінген сот хабарламасында.
Сотталушының кінәсі балалардың анасы мен ер адамның өзінің сөзімен, заттай айғақтар және сараптама қорытындысымен дәлелденді.
Прокурор сотталушыны өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ер кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтқан.
"Сот үкімімен Е. Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған кәмелетке толмаған балалармен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - деп хабарлады облыстық сот.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салсақ, биыл наурыз айында Ақтауда пәтерден 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалардың мәйіті табылды. Оларды өлтірді деген күдікпен 36 жастағы әкесі ұсталған болатын.