АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 1 шілдеден бастап зейнетақы қорындағы ақшаның 50 пайызын инвестициялық компанияларға аудару үшін не істеу керегін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Нарықтағы компаниялардың бірін таңдап, зейнетақы жинақтау қорына барып, мен ақшамның елу пайызын сол компанияға аударғым келеді деп айтасыз. Ол үшін алдымен жинақтаушы қорына барып, арыз жазу керек. Соның негізінде сіздің қаржыңыз компанияға жіберіледі", - деді Дүйсенова үкімет кулуарында.
Ол жеке компанияға аударған қаражаттың табыстылығы мен табысының болмай қалуы сол компанияға байланысты екенін атап өтті.
"Егер ол табыссыз болып қалса, онда оған мемлекеттік кепілдік болмайды. Компанияны таңдағанда соны есепке алуымыз керек", - деп ескертті министр.
Айтуынша, инвестициялық компаниялардың тізімін жинақтаушы зейнетақы қорынан алуға болады. Олардың саны өте көп.
Айта кетері, Әлеуметтік кодекстің жаңашылдықтарының бірі – БЖЗҚ салымшысына зейнетақы активтерінің 50%-тен аспайтын бөлігін өз таңдауы бойынша жеке басқарушы инвестициялық компанияларға аудару мүмкіндігін беру. Мұндай өзгеріс 1 шілдеден бастап іске қосылады.