"Заңды белшесінен басқан": депутат Маңғыстаудағы мұнай компаниясын тексеруді талап етті

Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаттары Маңғыстауда жанып тұрған мұнай ұңғымасының мәселесін көтерді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, "Қаратұрын" кен орнында 9 маусым күні отқа оранған мұнай ұңғымасы әлі күнге дейін жанып тұр. Кен орнын "Бозашы-нефть" компаниясы игеріп жатыр.
"Бізде бар ақпарат бойынша бұл компания заңды белшесінен басып, кен орнында техникалық қауіпсіздікті сақтамай келген. Жұмысшылардың жалақысы төмен, әлеуметтік жағдайы тиісті деңгеде емес, арнайы киімдер мен қорғану жабдықтары дұрыс берілмейді, техникалық қауіпсіздік қызметі кен орнында жұмыс істемейді, өздерінің құқықтарын заң жүзінде талап еткен жергілікті жұмысшыларды жұмыстан шығарып жіберіп, басқа өңірден жұмысқа адамдарды қабылдаған. Бұл – онсызда жұмыссыздық белең алған Маңғыстауға жасалған нағыз қиянат!", - деді Жаңбыршин бүгінгі отырыста.
Депутатқа түскен инсайдерлік ақпаратқа сәйкес, компания кейбір ұңғыларды заңдастырмай, мұнай шығарып отыр.
"Яғни, 21-ғасырда "Бозашы-нефть" компаниясы жабайы капитализм әдісімен жұмыс істеуде. Лондонда тұрып жатқан қожайынына тек қана пайда керек. Қалғаны күл болмаса, бүл болсын. Бұларға сонда "Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ" па? Мемлекет басшысының мұнай-газ саласындағы кемшіліктерді реттеуге, экологиялық және өндірістік қауіпсіздікті қатаң сақтауға қатысты тапсырмалары неге орындалмайды? ", - деп ашуланды депутат.
Жаңбыршин тағы бір депутат Самат Мұсабаевпен бірге үкімет басшысына сауал жолдап, жекеменшік мұнай компанияларында тексеріс жүргізуді талап етті. Ал "Бозашы-нефть" компаниясының заңсыз мұнай шығарып сатқаны анықталса, кен орны мемлекет меншігіне қайтарылуы шарт. Сондай-ақ жауапты мемлекеттік орган басшылары және осы компанияға биліктен "қамқорлық" жасаушылар анықталып жауапкершілікке тартылуы қажет.