АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды
© Photo : Пресс-служба президента Казахстана
"Елімізде қаламын қаруына айналдырған тілшілер аз емес. Кейде олардың жазған мақаласынан, дайындаған репортажынан кейін өзекті мәселелер жедел түрде шешімін тауып жатады. Ондай тілшілерді Адал азаматтар десек, артық болмайды", - деді мемлекет басшысы.
Ол журналистер әрдайым төтенше оқиғалардың алдыңғы шебінде жүретінін атап өтті.
"Олар пандемия кезінде, Қостанай, Абай облыстарындағы табиғат апаты болған кезде жедел ақпарат таратты. Кейде жеке басына қауіп төнсе де, елге хабар жеткізді. Бұл – патриотизмнің, кәсіпке адалдықтың шынайы көрінісі", - деп түйіндеді Тоқаев.
Президент журналистерге БАҚ саласындағы сыйлықтар мен гранттарды тапсырды.
Қазақстан Республикасы президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтары:
"31 арна" телеарнасының тілшісі Әлімжанова Ирина Советжанқызына;
"Оңтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы Балажан Абайға;
"Казахстанская правда" газетінің тілшісі Вологодская Галина Юрьевнаға берілді.
Қазақстан Республикасы президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы гранттары:
"Orda. Kz" ақпарат порталының тілшісі Астахов Илья Дмитриевичке;
"Хабар 24" телеарнасының тілшісі Балтабаев Әділ Серікұлына;
"Tengrinews. Kz" ақпарат порталының тілшісі Дүйсенғұлова Рабиға Табиғатқызына;
"Qazaqstan" телеарнасы ақпараттық-сараптамалық дирекциясы директорының орынбасары Омаш Саламатқа тапсырылды.
Қазақстан Республикасы президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Алғысы:
"Время" газетінің шығармашылық ұжымына;
"Қызылжар-Ақпарат" ЖШС-ның шығармашылық ұжымына;
"Kaztag" ақпарат порталының шығармашылық ұжымына;
"TDK-42" телеарнасының шығармашылық ұжымына жарияланды.