Қазақстанда тағы бір ірі әуе компаниясы пайда болуы мүмкін

Индустрия министрлігі Қазақстан ішінде ұшатын шетелдік әуе компанияларын тарту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр
Sputnik
АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Қазақстанда Air Astana-ға бәсекелес болатын тағы бір ірі әуе компаниясы пайда болуы мүмкін. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет кулуарында журналистер азаматтық авиация саласында Air Astana әуе компаниясының монополиясы қашан тоқтайтынын сұрады.
"Жалпы монополия бар деген дұрыс емес. Барлық ішкі тасымалдың 70%-ін Air Astana мен Fly Arystan орындайтынын түсінемін, бірақ бізде open sky. Яғни кез келген әуе тасымалдаушысы бізге келіп, еш шектеусіз жұмыс істей алады. Жүк тасымалына қатысты бұл жұмыс басталды (жаңа әуе тасымалдаушылармен келіссөз). Сондай-ақ Қазақстанға отандық қана емес, ел ішінде ұшатын шетелдік әуе компанияларды да тарту бойынша дәл осындай жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мәселе талқыланып жатыр", - деді Қарабаев үкімет отырысынан кейін.
Осы орайда БАҚ өкілдері "жақын арада тағы бір ірі әуе компаниясы пайда бола ма?" деп нақтылады.
"Қазір басқа компанияларды тарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Сіздер дұрыс түсініп тұрсыздар", - деді министр.
Ол әуе компанияларын тарту үшін елдегі әуе отыны мәселесін шешу қажет екенін атап өтті.
"Тасымалдау үшін шамамен 1,3 млн тонна отын қажет. Біздің мұнай зауыттарының мүмкіндігі – 700 мыңнан 1 млн тоннаға дейін. Әуе компанияларының санын арттыруға болады, әрине. Бірақ басты мәселе оларды әуе отынымен қамтамасыз ету. Сол үшін оны шекаралас елдерден импорттау мәселесі пысықталып жатыр", - деп түсіндірді Қарабаев.
Air Astana Израильге әуе рейсін ашады