АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Қазақстанда 1 шілдеден бастап Әлеуметтік кодексті іске асыру шеңберінде мүгедек жандардың туыстары оларға күтім жасау үшін еңбекақы және әлеуметтік аударымдар алады, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
"Мүгедектігі бар адамдардың туыстары тиісті еңбекақы және әлеуметтік аударымдармен жеке көмекші ретінде ресімделетін болады", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар әлеуметтік қызмет көрсету саласында тариф белгілеуге жаңа тәсілдер енгізіледі.
"Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы норматив енгізіледі. Компенсаторлық техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағалар белгіленеді", - дейді мамандар.
Бұл ретте кепілдік берілген сома елдің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өзгерістерін ескере отырып, кезең-кезеңімен түзетіледі.
Жергілікті атқарушы органдар жанынан Әлеуметтік қызметтер порталы бойынша комиссиялар құрылады.
"Олар мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін қабылдау және 5 күн ішінде қарайды; өнім берушіге өтініш жолдау және оның орындалуын бақылайды; жеткізушіні порталдан шығару және жосықсыз жеткізушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды", - деп атап өтті министрлік.
2025 жылдан бастап әлеуметтік қызмет көрсетуге мұқтаж адамдарға қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі беріледі.
Осы мақсатта Әлеуметтік кодексте:
әлеуметтік қызметкерлер тізілімін қалыптастыру;
әлеуметтік қызметкерлер үшін кәсіптік стандарттарды әзірлеу;
еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі қарастырылған.