АСТАНА, 27 маусым – Sputnik. Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлу тізімі жарияланды, деп хабарлайды ғылым және жоғары білім министрлігі.
Биыл жоғары оқу орындарында оқу үшін 88 мың грант бөлінген.
Гранттардың басым бөлігі "Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары" білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 18 744 грантты құрайды. Ал "Педагогикалық ғылымдарға" – 12 560 грант, "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" саласына – 10 103 грант, "Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика" бағытына – 7 388 грант.
"Серпін" бағдарламасы арқылы оқуға түсетіндерге 3 653 грант көзделген. Бұл жоба арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады.
Сондай-ақ оқуды тәмамдаған соң, грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылды. Бұрын мамандар грантты өзі оқыған аймақта ғана жұмыспен өтесе, енді 11 аймақта қызмет ете алады.
Жалпы, бакалавриатқа түсу үшін 2023-2024 оқу жылында 73 мыңға жуық грант бөлініп отыр.
"Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық гранттың 60%-і техникалық мамандықтарға бөлінді. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді. Талапкерлер берілген ақпарат негізінде дұрыс таңдау жасайды деп сенемін", - деді ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.
Магистратураға 13 мыңнан аса, докторантураға 1800-ден астам грант қарастырылған.
Бакалавриат бойынша 2023-2024 оқу жылына арналған білім гранттарын бөлудің толық тізімін мына сілтеме арқылы көруге болады.