АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Ішкі істер министрлігі заңдастырылған шетелдік көліктердің санын жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Алтынбек Жамалиевтің айтуынша, осы уақытқа дейін 177 мыңнан астам көлік заңдастырылды. Оның ішінде 10 мың автоконструктор бар.
"Сонымен қатар қазір шамамен 13 көлік алдын ала мақұлданып отыр. Жақын арада 90 проценті заңдастырылады", - деді Жамалиев бүгінгі онлайн брифингте.
Соңғы кезде шетелдік көлікті заңдастырғысы келетін адамдардың саны күрт өсті. Себебі науқанның мерзімі аяқталып келеді. Осы орайда Жамалиев шетелдік көліктерді заңдастыру мерзімі ұзартылмайтынын ескертті. Бірақ 1 шілдеге дейін құжат тапсырған барлық адамның өтініш қаралады.
"1 шілдеге дейін өтініш берсеңіз болды. Біз оны ары қарай тіркеп, қарай береміз", - деп түсіндірді Жамалиев.