Ресейдегі әскери бүлік: Қазақстанға қайтамын деген жерлестер болды ма

Sputnik
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Ресейдегі әскери бүлік кезінде Қазақстан елшілігіне хабарласқан жерлестеріміз аз болған жоқ, жедел желіні ашуға тура келді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өткен демалыс күндері Ресейде "Вагнер" жеке меншік әскери компанияның басшысы бүлік шығарып, өз жақтастарын Мәскеуге қарай шығуға бұйрық берді. Әскери колонналар Дондағы Ростовқа кірді. Одан Мәскеуге қарай шыққан. Ресейдің астанасында және тағы бірнеше облыста терроризмге қарсы режим енгізілді. Мәскеуде блок-бекеттер қойылды. Халық үрейге салынып, азық-түлікті көптеп сатып алуға жүгірді. Ал Қазақстан елшілігі барлық жерлестерін шұғыл консулдық есепке тұруға үндеді.
"Ол күні елшілікке хабарласқан адамдар болды. Не істеу керек? Қайда бару керек? Бәрін сұрады. Жедел желі де ашылды. Әрине, оларға қауіпсіздік үшін ешқайда шықпауға кеңес берілді", - деді Смадияров бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, үйге қайтамын деген қазақстандықтар болды. Бірақ оларды эвакуциялаудың қажеті жоқ.
"Осы екі-үш күннің ішінде өте көп сұрақ болды. Неге біздің азаматтарымызды алып қайтпайсыздар? Неге эвакуация жасамайсыздар? Айтайын дегеніміз, екі мемлекеттің арасындағы шекара ашық. Ресейде соғыс жарияланған жоқ. Әуе қатынасы орнында, пойыздар жүріп жатыр, көліктер жүріп жатыр. Сондықтан адамдар қайда барамын десе, өз еркі. Эвакуация жасайтын жағдай емес", - деп атап көрсетті Смадияров.
Ресми мәліметке сәйкес, биыл бірінші тоқсанда Ресейдің көші-қон қызметінде 110 мыңнан астам қазақстандық тіркелді. Олардың ішінде шамамен 60 мың адам – студенттер.