Қазақстанда тағы бір ордені бекітілуі мүмкін

Sputnik
АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Енді ұлт бірлігін нығайту жолында еңбек еткен қазақстандықтар "Ел бірлігі" орденімен марапатталуы мүмкін.
"ҚР мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, ҚР мемлекеттік наградалары құжатының үлгілерін және ҚР мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы" ҚР Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкіміне мынадай толықтыру енгізілсін: жоғарыда аталған өкімге 3-қосымшада: "Достық" (Дружба) орденінің сипаттамасынан кейін осы өкімнің қосымшасына сәйкес "Ел бірлігі" (Единство народа) орденінің сипаттамасы толықтырылсын", - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған құжатта.
Үкіметтің бұл өкім-жобасын мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясында берген тапсырмасына сай ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірлеген.
"Өкім жобасы азаматтардың ұлт бірлігін нығайтуға сіңірген еңбегін тануға бағытталған. Жобаны іске асыру мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқпайды", - деп түсіндірме берілген өкім жобасына.
Құжат 12 шілдеге дейін көпшілік талқысында болады. Кейін премьер-министр қол қойып, президентке жолданады.