ҚАРАҒАНДЫ, 26 маусым – Sputnik. Қарағандыда жалған техникалық байқаудан өту құжаттарын жасаған сақтандыру компаниясының менеджері ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне қаладағы сақтандыру компанияларының бірінде жалған техникалық байқаудан өту құжаттарын сататындығы туралы ақпарат келіп түскен.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында сақтандыру компанияларының бірінің 35 жастағы менеджерін ұстады.
Одан айғақ заттар, соның ішінде автокөліктердің техникалық байқаудан өткендігі туралы жалған 24 мөр басылған бланк тәркіленді.
"Сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан Ресей Федерациясы сақтандыру компаниясы деген мөр, Ресей Федерациясы сақтандыру компаниясының 33 бланкі, әртүрлі көлікке қатысты 30 диагностикалық карта, пневматикалық тапанша және екі пышақ тәркіленді", - делінген полиция хабарламасында.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.