АСТАНА, 26 маусым – Sputnik. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев екі бала зардап шеккен балалар алаңындағы төтенше жағдайдан кейін Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды.
Облыс әкімдігінің ақпаратынша, Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің аулаларды абаттандыруға жауапты орынбасары жұмыстан шығарылады. Бөлекпаев қалада қауіпсіздікті күшейту үшін абаттандыру ережелерін қайта қарауды тапсырды.
"Өткен аптада бізде төтенше жағдай болды. Ересектердің немқұрайлылығынан екі бала зардап шекті. Мен барлығына бірнеше рет ескерттім және тағы да қайталаймын: ойын алаңдарын жөндегенде ең алдымен қауіпсіздік туралы ойланыңыздар! Футбол қақпалары мен сәулет нысандарын тексеріп, нығайтыңыздар, ештеңе құлап жатпауы керек! Мердігерлер асығыстық танытып, тезірек ақша тапқысы келеді, ал кейбір әріптестеріміз бұған көз жұмады", – деді облыс әкімі аппарат кеңесінде.
Ол қала әкіміне Әлихан Бөкейхан ауданы әкімінің орынбасарын жұмыстан шығаруды тапсырды. Сондай-ақ құқық қорғау органдарына мердігердің жауапкершілігіне құқықтық баға беруді сұрады.
"Мұндай нәрселерге бұдан былай жол беруге болмайды. Абаттандыру ережелерін қауіпсіздікті арттыру бағытында қайта қарауды тапсырамын. Мысалы, неге жасанды көгалдың орнына тартан жабынын қолданбасқа. Мұның бәрін зерттеу керек, өзгерістер енгізу керек. Біздің мақсатымыз – қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету. Бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешу қажет", - деді Бөлекпаев.
Еске салсақ, 19 маусым күні Қарағандыда қатты жел ойын алаңы жабындысын ұшырып әкетті. Салдарынан екі бала зардап шекті. 8 жасар бала бас жарақатымен жансақтау бөліміне түсті. Ал 9 жасар бала орташа ауырлықтағы жарақат алған.
Полиция қауіпсіздік ережесінің бұзылуына байланысты қылмыстық іс қозғады.