АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Сенат депутаттары пәтер иелері кооперативтері (ПИК) және тұтыну кооперативтері (ТК) қызметін тоқтату мерзімі алынып тасталатын заңды мақұлдады, деп хабарлады индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
"Құқық қолдану тәжірибесінің мониторингі көрсеткендей, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың барлық меншік иелері өз бетінше басқарумен айналысқысы келмейді және өз үйін басқару жауапкершілігін өз мойнына алғысы келмейді", - деп мәлімдеді депутаттар заң жобасын талқылау барысында.
Ведомстводағылар хабарлағандай, заң жылу беру маусымына дайындыққа кедергі келтірудің алдын алу мақсатында қабылданды.
Индустрия министрлігі тұрғын үй кешендерін басқарудың жаңа нысандарына көшу жалғасады деп сендірді.
"Бұл ретте кондоминиум объектісін басқарудың қолданыстағы нысандарының жұмыс істеу тетіктері басқарудың негізгі қағидатын сақтай отырып, қайта реттеледі. Сондай-ақ көппәтерлі тұрғын үйлерді басқаруға кәсіби нарық субъектілерін тарту тетіктері пысықталады. Мүлік иелерінің бірлестігімен қатар пәтер иелерінің кооперативтері де өз жұмысын жалғастырады", - деп хабарлады ведомстводағылар.
Көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың басқа нысандарымен қатар пәтер иелерінің кооперативтерін де сақтау туралы азаматтардың көптеген өтінішіне байланысты осы норма депутаттардың бастамасымен ұсынылып отыр, деп қорытындылады министрлік.
Еске салсақ, өткен жылы пәтер иелері кооперативтері және тұтыну кооперативтерінің басқарудың жаңа түріне мерзімі 2023 жылдың 1 шілдесіне дейін ұзартылған. Бүгінгі таңда көшу 97,3%-ке қамтамасыз етілген.