Әлем бойынша Канада мен Қазақстанда ғана қалған қарағайлардың 60 мың гектары – Семей орманының 10 проценті күлге айналды. Тілсіз жаумен күрескен 14 орманшы қаза тапты. Sputnik Қазақстан тілшілері қайтыс болған орманшылардың отбасына барып, өрттің қалай басталғанын біліп қайтты.
Марқұм Алексей Губаевтың жұбайы басшылықтың шешіміне наразы. Виктория Будюк орманшыларды алапат өртке қарсы қалай жібергенін түсінбей отыр. Оның жолдасы жұмыстан кетемін деп жүргенде опат болды.
"Директор жібермей қойды. Бір комиссия келіпті. 10 жылға бір жоспар дайындап жатқанын айтты. Тексеріс жүріп жатқан. Артынан Мейрамгүлдің арызына қол қойды. Ал Лешаны жібермеді, комиссия кеткен соң босатамыз деді. Ақыры екеуі де қаза тапты. Леша орманды қатты жақсы көрді. Жұмыстан кетемін деп жүргенде қатты уайымдады, ормансыз қалай өмір сүремін деп қоятын. Былық-шылыққа да, жалақының аздығына да қараған жоқ, орманды ғана ойлады", - дейді Виктория.
Оның айтуынша, "Семей орманы" резерватында былық көп. Жақында тексеріс кезінде джип жанып кеткен. Салонында құжаттар болған көрінеді.
Sputnik Қазақстан тілшісіне сұхбат берген филиал директоры джиптің жанып кеткенін растады. Сондай-ақ басқа да айыптауларға жауап берді. Семей орманындағы өрттің қалай басталғанын видеодан көріңіз.