Қарағандылық полицейлер алаяқтық әрекеттің алдын алудың ерекше тәсілін ойлап тапты

Sputnik
АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. Қарағандылық полиция қызметкерлері алаяқтық қылмыстың алдын алудың ерекше тәсілін ойлап тапты, деп хабарлады "Хабар 24".
Олар үлкен баннерге ескерту сөз жазып, оны әуе шарына іліп, көкке жіберген. Аэростат бірнеше сағат бойы қала үстімен ұшып, тұрғындардың назарын аударды. Себебі соңғы уақытта аймақта интернет-алаяқтардың арбауына іліккендер саны күрт артқан. Арасында 50 миллион теңгесін өз қолымен алаяқтарға аударып жібергендер де бар.
Жыл басынан бері тек Қарағанды мен Саран қалаларында, 2 мың қылмыс тіркелген.
"Интернет алаяқтарға көбінесе ОЛХ, Kaspi қосымшаларына ақша салу арқылы алданып қалып жатыр. Содан кейін ұялы телефонға хабарласып, туысқандарыңыз осындай жағдайға душар болды, жол апатына ұшырады, сондықтан осындай қаражат керек деп сұрауды әдетке айналдырған. Көбінесе егде жастағы адамдар ақшаны аударып жіберіп, алданып жатыр", - дейді қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов.