АСТАНА, 23 маусым – Sputnik. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында ел бойынша қылмыс деңгейі 17%-ға төмендеді, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
"Прокуратураның үйлестіруімен аймақтардағы қылмыстық жағдайға нақты әсер еткен 10 ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді.Сонымен қатар бірлескен шаралар нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 30 зертхана жойылды", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау барысында прокурорлар 512 адамды негізсіз күдіктен қорғады.
Мұндай деректер 2023 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындысы бойынша Бас прокуратура алқасының кеңейтілген отырысында айтылды.
"Прокурорлар 20 адамға қатысты қылмыстық жауаптылықтан босатуға жол бермеді және заңсыз ақтау үкімдерінің күшін жоюға қол жеткізді", - деп атап өтті қадағалау органы.
Ведомствоның мәліметінше, азаптау фактілері бойынша күштік органдардың 35 қызметкеріне қатысты істер сотқа жіберілді. 17 адам сотталды.
"Қадағалау және ден қою актілері бойынша мемлекетке 10 млрд теңге өтелді, 37 млрд теңге сомасына мүлік, 400 мың гектар жер қайтарылды", - деп жазылған Бас прокуратураның хабарламасында.
Бас прокуратураның бастамасы бойынша 5 министрліктің 9 бұйрығы жойылды, олар 2 мыңға жуық кәсіпкерді заңсыз тексеруді көздеген.
5,3 мың тыйым салу және шектеу шаралары, 560 млн теңгеден астам сомаға 2,3 мың әкімшілік айыппұл жойылды.