АСТАНА, 23 маусым - Sputnik. Алматы облысындағы екі мектепті жөндеуге бөлінген қаражатты кәсіпкер қолды еткен. Сот 50 млн теңгеден астам ақшаны қалтасына басқан кәсіпкерге үкім шығарды, деп хабарлайды қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.
Агенттіктің мәліметінше, 2020 жылдың мамыр айында Алматы облысы Кербұлақ ауданының білім бөлімі "Сарыбастау" және "Қарағаш"ауылдарындағы екі мектепті күрделі жөндеуден өткізуге "ПМК-7К" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс компаниясымен шарт жасасқан. Жобаның жалпы сомасы – 855 млн теңгеден астам.
"Құрылыс жұмыстары кезінде құрылыс компаниясының басшысы жобалық-сметалық құжаттамада көзделген жұмыстардың бір бөлігін орындамаған. Сондай-ақ орындалған жұмыстардың жалған актілерін жасап, аса ірі мөлшерде қаражат ұрлаған", - делінген агенттік хабарламасында.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есепшотына заңсыз аударылған 57,5 млн теңге, яғни мемлекетке келтірілген залал толығымен өтелгенін атап өтті агенттік.