Қостанай тұрғынын ұрып-соғып, 6 млн теңге бопсалаған қылмыстық топ ұсталды

Sputnik
АЛМАТЫ, 22 маусым – Sputnik. Қостанайда 21 жастағы тұрғынды ұрып-соғып, 6 млн теңге бопсалады деген күдікпен жас жігіттер ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.
"18 бен 20 жас аралығындағы бопсалаушылар болмашы нәрсені сылтауратып, 6 млн теңге көлемінде ақша талап еткен. Жәбірленушіні жалдамалы пәтерде ұстап, оны қала сыртына шығарып алып ұрып-соққан. Денсаулығына қауіп төндірген", – деді Қостанай облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Серік Байғонов.
Күдікті топ жәбірленушінің 1 млн теңгесін алып, қажеттеріне жаратқан. Олар ақша талап етуді тоқтатпаған. Жәбірленуші полицияға арыз берді. Жедел іздестіру кезінде күдіктілер анықталып, ұсталды.
"Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 3-бөлігі "Қорқытып алу" және 126-бабы, 2-бөлігі "Бас бостандығынан заңсыз айыру" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта топтың екі мүшесі қамауға алынды, үшіншісі үй қамауында", - дейді Серік Байғонов.
Пышақпен қорқытқан: түркістандық тұрғыннан 5 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды