АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Қазақстанда сұйытылған газ бағасы кезең-кезеңмен көтеріледі. Бұл туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, газ бағасы төмен болғаннан кейін, оны тұтыну көлемі 28 пайызға өсіп кеткен. Ал өндіріс, керісінше, төмендеп бара жатыр.
"Біз келе жатқан тапшылықты байқап отырмыз. Ертеңгі күні газ не қымбат бағамен, не арзан бағамен болмайды деген болжам бар. Сол себепті біз газдың бағасын бірте-бірте әлеуметтік жағдайға қарай көтеруді жоспарлап отырмыз. Өкінішке қарай ол солай", - деді Нұрмағанбетов сенаттың жалпы отырысында.
Вице-министр газға көшкен автокөліктер саны да артып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде олардың саны алты жүз мыңға дейін барады.
"Газ тұтыну көлемі болашақта өсе береді. Сондықтан нақты экономикалық балансқа келтіру үшін бағаны кезең-кезеңмен әр облыстың жағдайын ескеріп, көтеруді жоспарлап отырмыз", - деп түсіндірді шенеунік.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та сұйытылған газдың бағасын өсіруге қатысты пікір білдірді. Спикер бұл жағдайда мәселені жан-жақты зерделеп шешім қабылдау керектігін айтты.
"Тұтынушылардың көбеюіне, мемлекеттің жағдайына, өндіруші компаниялардың сұранысына байланысты сұйытылған газдың бағасын өсіру де керек шығар. Бірақ бұл мәселеде ақылдасып, жан-жақты пысықтап, әр өңірдің жағдайын ескеріп әрекет ету қажет. Орталықтан шешім қабылдай салып, өңірлерді туындайтын мәселемен бетпе-бет қалдырып қоюға болмайды. Сондықтан депутаттар осы мәселеге баса мән беріп отыр. Егер баға өсетін болса, ол жұмысты кезең-кезеңімен жүргізу керек", - деді Әшімбаев.
Ол жергілікті жерлердегі әріптестермен кеңесіп, азаматтардың пікірлерін ескеріп, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсете отырып шешім қабылдау керек екенін атап өтті.
Айта кетері, бүгін сенат отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сұйытылған газ айналымын реттеу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң екі оқылымда қаралып, мақұлданды.