АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Жыл басынан бері елімізде электросамокаттарға қатысты он жол апаты тіркелді. Салдарынан бір адам қаза болды. Бұл туралы ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2023 жылғы бес айдың ішінде республика бойынша самокатшылардың қатысуымен 10 жол апаты болды. Бұл ондай көп цифр емес. Бір адам қайтыс болды, 11 адам дене жарақатын алды. Он жағдайдың жетеуі Алматы қаласында тіркелді", - деді Сұлтанбаев сенат кулуарында.
ІІМ өкілі елімізде электросамокаттарға арналған инфрақұрылым жоқ деген пікірмен келісті.
"Расында да елімізде самокаттардың жүруіне арналған арнайы жолдар, инфрақұрылым толығымен қарастырылмаған. Оны мойындау керек. Алматы, Астана, Шымкент қалаларында болуы мүмкін. Бірақ басқа облыс орталықтарында мұндай инфрақұрылым қарастырылмаған", - деді комитет төрағасы.
ІІМ парламент қабылдаған заң аясында ірі қалаларда электросамокаттар мәселесін ретке келтіруді көздеп отыр.
"Осы заң аясында жергілікті атқарушы органдар келешекте өз аумағында инфрақұрылымды дамытады. Сондай тапсырма да беріліп отыр", - деді ол.
Бүгін парламент сенаты самокат мінетіндерге талапты күшейтетін заңды мақұлдады. Оған сәйкес, самокатпен жүретіндер шлем киюге тиіс және жүргізуші куәлігі болуы шарт. Ал түнде жүрсе, үстінде жарық шағылыстыратын элемент болуға тиіс.
Заң президенттің қол қоюына жіберілді.