Абай облысындағы орман өрті

Абай облысындағы өрт төтенше жағдайлар саласындағы проблеманы ашық көрсетті – сенатор

Sputnik
АСТАНА, 22 маусым – Sputnik. Сенат депутаты Сергей Ершов төтенше жағдайлар саласында қордаланған проблемаларды атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Абай облысындағы өрттен адамдар қаза болды және 60 мың гектардан астам орманды алқап күлге айналды. Бұл ауқымды өрт төтенше жағдайлар саласындағы бірқатар жүйелі проблеманы ашық көрсетті", - деп мәлімдеді Ершов депутаттық сауалында.
Ол жағдайға егжей-тегжейлі талдау жасау барысында маңызды екі проблема анықталғанын атап өтті. Біріншісі – төтенше жағдаймен күресте әлеуетті күштер мен тиісті құралдардың жетіспеушілігі. Екіншісі – төтенше жағдайдан қорғауды қамтамасыз етудегі жүйелі тәсілдің болмауы.
"Елімізде мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 426 бөлімшесі бар, әлі қосымша 121 депо салу қажет. Бізге ұсынылған мәліметтерге сәйкес, тіпті 2030 жылға қарай өрт сөндіру бөлімшелерін салу қажеттігі тек 55%-ке ғана орындалады. Жалпы техника санының шамамен 20%-і өткен ғасырдың 70-90-жылдарынан бастап пайдаланылып келеді және жаңартуды талап етеді", - дейді сенатор.
Ершов проблемаларды шешуге қаржы бөлінетінін, бірақ есеп-қисапқа қарағанда игерілмейтінін айтты. Осыдан келіп екінші мәселе туындайды.
Сенатор 2018 жылғы желтоқсанда осы саладағы ерекше мекеме – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі жекешеленіп кеткенін еске салды. Айтуынша, осы шешімнің салдарынан мемлекет аса күрделі аварияны жедел жоюды қамтамасыз ете алатын мамандандырылған қызметтен айырылып қалды.
Сонымен қатар, төтенше жағдайлар министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстан аумағында мемлекеттік емес өртке қарсы 331 қызмет нысаны бар. Бұл еліміздегі өрт сөндіру бөлімшелерінің жартысына жуығы мемлекеттік емес дегенді білдіреді.
"Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті (МЕӨҚҚ) төтенше жағдайды жоюға тарту тәртібін реттейтін заңнамада құтқару қызметі секілді өртті сөндіру бөлігінде нақты белгіленген құқықтық міндеттеме көрсетілмеген. Сондай-ақ олардың өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі қарастырылмаған. "Азаматтық қорғау туралы" заңның 67-ші бабына сәйкес, өрт болған жағдайда мемлекеттік емес өртке қарсы қызметті өзінің тікелей функциясын міндетті түрде орындаудың орнына тек "жәрдем көрсетуге" міндетті", - дейді сенатор.
Осыған байланысты Ершов жекешеленген кәсіпорындар портфелін әртараптандыру, сондай-ақ төтенше жағдайды жою барысында мемлекеттік емес ұйымдардың жауапкершілігі жөнінде нормативтік-құқықтық реттеуді жетілдіруді ұсынды.
Абай облысындағы орман өрті
Абай облысындағы өрт: қаза болған орманшылардың туыстары жанайқайын жеткізді