АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров электр энергетикасы саласындағы жұмысшылардың жалақысы көтерілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жылу, энергетика, сумен жабдықтау саласында төмен жалақы күрделі проблема болғанын атап өтті. Өйткені бес жылға арналған инвестициялық бағдарламаны бекіткеннен кейін, оны өзгерту мүмкіндігі болмаған. Алайда былтыр парламент заңға тиісті өзгерістер енгізіп, нәтижесінде қазір табиғи монополия субъектілерінен 79 өтініш келіп түскен. Олар қаралып жатыр.
"Кейбір субъектілерде өндірістік жұмысшылардың жалақысы шамамен 135-150 мың теңге болған. Біздің мақсатымыз осы жалақыны орташа 300 мың теңгеге дейін көтеру. Ол бірнеше проблеманы, атап айтқанда, кадр тапшылығын шешеді, көрсетілетін қызметтер сапасын арттырады", - деді Қуантыров мәжілістің жалпы отырысында.
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунованың айтуынша, электр энергетикасы саласында білікті кадрлардың аралас салаларға күрт кетуі байқалады.
Энергия кәсіпорындардағы кадр тапшылығына тарифтік сметамен шектелген жалақының төмен болуы ерекше әсер етеді.
"2022 жылы "Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау" саласындағы мамандардың орташа айлық жалақысы 268 мың теңгені немесе жалпы ел бойынша орташа айлық жалақының 87%-ін құрады. Салыстыру үшін алсақ, өңдеу өнеркәсібінде еңбекақы мөлшері ел ішіндегі орташа деңгейден жоғары – 349 мың теңге", - дейді Годунова.