"Қазақстан темір жолы" компаниясында жеке мүдделерге лобби жасалып отыр – депутат

Депутаттың айтуынша, ұлттық компанияның жалпы қарызы 2 трлн теңгеден асад
Sputnik
АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясына қаржылық талдау жасауды және алынған қарыздардың мақсатты жұмсалуын тексеруді сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттың айтуынша, ұзындығы 277 шақырым "Атырау-Астрахань" тасжолының құрылысы 2019 жылы басталып, жоспар бойынша 2021 жылы аяқталуы тиіс еді. Алайда бүгінде жолдың құрылысы тым баяу жүріп жатыр.
"Жұмыстың жүрмеуінің басты себебі – құрылыс материалдарының уақытылы жеткізілмеуі және тасымалдаушылар тарапынан вагондардың жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілмеуінде. Бұл жалпы еліміз бойынша экономикамыздың өсуіне, соның ішінде құырылыс саласының дамуына үлкен кедергі болып отыр. Бүгінгі таңда "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының жалпы қарызы 2,2 трлн теңгені құрап отыр. Осыған байланысты сұрақ туындайды – егер бүгінде ұлттық компания кәсіпкерлерге жасанды түрде әкімшілік кедергілер жасап жатса, "Қазақстан темір жолы" қарызын қалай өтемек?", - деді ол бас прокурор Берік Асыловқа жолдаған депутаттық сауалында.
Сондай-ақ, оның айтуынша, кірістің ең табысты бөлігі – жүк тасымалы қызметін ұлттық компания бәсекелестік ортаға берген.
"Кәсіпкер өнімін басқа өңірге тасымалдау үшін "Қазақстан темір жолына" жүгінсе, тасымалдаушы оған вагондардың жоқтығын айтып, оны жеке тасымалдаушыларға жібереді. Осы жерде жеке қалталарына есепсіз пайда әкеліп отырған жүк тасымал вагондардың иелері мен түпкі бенефициарлары неге мемлекетке тиесілі ұлттық компания емес, жеке адамдар деген сұрақ туындайды. Бұл жерде, "Қазақстан темір жолына" тиесілі кірістің ең табысты бөлігі – жүк тасымалы қызметінің жеке қолға өтуіне ұлттық компанияға ықпалы бар адамдардың, басшылардың өздері немесе бұрынғы басшылардың қатысы бар деген пікір бар. Себебі, ұлттық компанияда жеке мүдделерге лобби жасалып отырғаны айтпаса да түсінікті", - деп мәлімдеді Жұбанов.
Депутат бұл әрекеттердің барлығы ұлттық компанияның кірісіне ғана әсер етіп қоймай, жобаларды, оның ішінде ұлттық жобаларды жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырғанын айтты. Вагондар төңірегінде қалыптасқан жағдай тауар бағасына әсер етіп, инфляция мен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына зиянын тигізіп жатыр.
"Негізінде, экономикамыздың күретамыры саналуы тиіс "Қазақстан темір жолына" қарата айтылатын сын өте көп. Себебі, қоғам ішінде компания қызметі көлеңкелі схемаларға толы, ашықтық, есептілік жоқ деген пікір бар. Қазақстан теміржол паркіндегі вагондардың әбден тозғаны, жалпы, саладағы қызметтің сапасыздығы, "Қазақстан темір жолын" жайлаған жемқорлықтың тым тереңдеп кеткені айтыла-айтыла әбден жауыр болды", - дейді ол.
Осыған байланысты Жұбанов бас прокурордан ұлттық компанияда барлық жылдар бойынша толық қаржылық талдау жасауды және алынған қарыздардың мақсатты жұмсалуы бойынша жүйелі тексеріс жүргізуді; ұлттық компанияның қазіргі және бұрынғы басшылығының вагондарды жалға беретін жеке логистикалық компанияларға қатысы бар-жоғына тексеріс жүргізуді және жүк тасымалы қызметін бәсекелес ортадан ұлттық компанияға қайтаруды сұрады.
Астанада пойыздан түсетіндерді үйге дейін апарып тастайды – ҚТЖ жаңа қызметті ұсынды