Депутат әкімдікке: биыл қыста Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба

Sputnik
АСТАНА, 21 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи Астанадағы үшінші Жылу электр орталығы он жылдан астам уақыт бойы салынып келе жатқанына назар аударды. Депутат қала тұрғындары қыста жылусыз қалуы мүмкін деп алаңдайды.
"Менің қолыма түскен мәліметке қарағанда, Астанадағы үшінші Жылу электр орталығының салынып жатқанына он төртінші жылға кетіп бара жатыр. Мұның ең басты қызығы мынада екен: жыл сайын құрылыстың құны өсіп бара жатыр. Алғашында 86 млрд теңге деген құрылыстың құны 2022 жылы 122 миллиард теңгеге көтерілген. Енді биыл тағы да 54 млрд теңгеге бағасын көтеріп отыр. Бұл не деген алтын құрылыс екенін мен түсінбеймін", - дейді Бәпи Астана әкімдігінің өкіліне.
Депутаттың айтуынша, құрылыстың қашан аяқталатыны да әлі белгісіз.
"Осыған байланысты менің Астана қаласы әкімдігіне сұрағым бар: біз биыл Алматы жақтан, жылы жақтан көшіп келдік. Биыл қыс қатты болады деген жорамал бар, осы біз қыста Астана халқымен бірге қатып қалмаймыз ба? Осыншама миллиардтарға кім жауап береді, неге ол бөліне береді? Бұл шығыстар кімге жүктеледі? Кім жауап береді? Жылу орталығы биыл тапсырыла ма, тапсырылмай ма?", - деп сұрады мәжілісмен.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Солтамбековтің айтуынша, қазір елордада жылу тапшылығы шамамен 440 Гкал құрайды. Биыл 100 млрд теңгеден астам қаржылай қолдаудың арқасында қараша айында Жылу электр орталығының жылу бөлігі іске қосылады.
"Қазір іске қосу және реттеу, қысымын тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Кезең-кезеңмен іске қосылады. 1 қазанға дейін жалпы қуаттылығы 220 Гкал екі қазандық іске қосылады. Оған қоса біз екі жоба – газ жылу станцияларын жүзеге асырып жатырмыз, олар сол жағалауда орналасқан. Жалпы қуаттылығы шамамен 690 Гкал. Биыл, менің ойымша, қараша айының соңында біз тапшылықты ғана жаппай, профицитке шығамыз. Яғни бұл бізге екі-үш жыл қосымша жылу қуаттылығын береді", - деп жауап берді Солтамбеков.
Сондай-ақ ол сараптамаға сәйкес жоба 53 млрд теңгеге емес, 23 млрд теңгеге қымбаттағанын атап өтті.
Жылу электр орталықтарындағы апат: аудит миллиардтаған теңгеге заңбұзушылықтар анықтады