АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдері үшін бірлескен мәлімдемеде Украинадағы жағдайға қатысты Қазақстанның ұстанымын тағы да айқындады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Біріншіден, біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауымыз керек. Әрине, Біріккен Ұлттар Ұйымын әлемде теңдесі жоқ әрі әмбебап ұйым ретінде қолдауға тиіспіз. Екіншіден, біз Қытайдың, сондай-ақ басқа да мемлекеттердің барлық бейбіт бастамасын қолдауымыз қажет", - деп атап өтті президент.
Тоқаев жақын арада Украинадағы қарулы қақтығыс тоқтайды деп үміттенеді. Содан кейін әлемнің осы бөлігінде берік бейбіт өмір орнайтыны туралы сөз қозғай аламыз, дейді мемлекет басшысы.
"Қазақстанға келетін болсақ, біз осы мақсатқа қол жеткізуге өз үлесімізді қосуға дайынбыз. Сонымен қатар біз – Ресеймен стратегиялық серіктеспіз және бірнеше ұйымның мүшесі екенімізді атап өткен жөн. Сондықтан біздің мақсатымыз – екіжақты және халықаралық ұйымдар аясында өзара ынтымақтастығымызды нығайту үшін Ресеймен тығыз байланысты сақтау", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.