Қазақстандықтар енді 4%-тік кредитпен автокөлік сатып ала алмайды

Жеңілдетілген автокредитке бөлінген 100 млрд теңгеден револьверлік жүйе арқылы түскен қаржының бәрі қоғамдық көліктерді жаңартуға жұмсалады
Sputnik
АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Қазақстанда 4 пайыздық жеңілдетілген автокредит бағдарламасы тоқтатылады. Бұл туралы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, 4 пайыздық жеңілдетілген автокредит бағдарламасын қайта жаңарту жоспарланып отыр.
"Қайта жаңарту кезінде автокөлікті кредиттеу бағытын автобустарды несиелеу бағытына ауыстырамыз ба деген жоспар бар. Елімізде қоғамдық көліктердің көбі тозған. Мысалы Қостанайда автобустардың 90 пайызы, Орал, Талдықорғанда 70 пайызы ескірген. Біз бағдарлама аясында түскен ақшаға қанша адам көлік ала алады, егер оның орнына автобустарды қаржыландырсақ, тиімділігі қалай, соның бәрін есептедік. Мәселен, қоғамдық көліктерді күніне 9 млн 300 мың қазақстандық пайдаланады екен. Сондықтан біз ақшаны көбірек автобустар сатып алуға бағыттаймыз деп отырмыз", - деді Қарабаев Ақорда кулуарында.
Айтуынша, қарапайым халық нарықтық ставкамен көлік ала алады.
"Ол жерде екі бағдарлама бар ғой. Біріншісіне кезең-кезеңмен 82 млрд теңге бөлінді. Ол қазір револьверлік әдіс бойынша өз алдына істеп тұр. 82 млрд теңге бойынша 10-15% бастапқы жарна, қателеспесем несие мөлшерлемесі 5% болған. Бұл бағдарлама әрі қарай жалғасады. Бірақ одан түскен ақшаны қайда бағыттайтынымызды қосымша хабарлаймыз", - деп түсіндірді индустрия министрі.
Ал екіншісі 4 пайыздық автокредит бойынша "Оператор РОП-тан" бөлінген 100 млрд теңгеден түскен барлық қаржы енді қоғамдық көліктерді жаңартуға жұмсалады. Бүгінде бұл бағдарлама бойынша 4 млрд теңге жиналған.
"Қорытындылай айтқанда, жалпы төрт пайыздық, 100 млрд теңге бөлінген бағдарлама болмайды. Бағдарламаны қоғамдық көлік алуға бағыттап жатырмыз", - деді Қарабаев.