Абай облысындағы орман өрті

Абай облысындағы өрт: қаза болған орманшылардың туыстары жанайқайын жеткізді

Sputnik
АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Абай облысында бір апта бойы лаулаған орман өртінде көне қарағайлардың біраз бөлігі жанып кетті. Былтыр Қостанай өңірінде 40 мың гектардан астам ағаш өртенсе, биыл әлем бойынша Канада мен Қазақстанда ғана қалған қарағайлардың 60 мың гектары - Семей орманының 10 проценті күлге айналды. Тілсіз жаумен күрескен 14 орманшы қаза тапты. Олардың сүйегін бірден бермеді, ДНК-сараптама жасауға тура келді. Кейбір отбасылар күні кеше ғана марқұмдарды жер қойнына тапсырды.
Sputnik Қазақстан тілшілері қайтыс болған орманшылардың отбасыларына барып, өрттің қалай басталғанын біліп қайтты. Халық арасында тарап жүрген алыпқашпа әңгімелердің рас-өтірігіне көз жеткізді.

Тілсіз жау ауыл шетіне жетті...

Өрт Семей қаласынан 25 шақырым жерде - Батпаев орман шаруашылығында басталды. Соның арғы жағында Успен орман шаруашылығы орналасқан. Дәл осы бөлімшенің мамандары тілсіз жауды тоқтатуға аттанды. Бірақ барлығы қаза тапты. Олардың ішінде 30 жастағы орман шебері Алексей Губаев та бар.
"Леша жұмыстан кетемін деп жүрген. Сол күні директормен сөйлеспекші болды. Басшылыққа кетті десем, біршама уақыттан кейін келіп тұр. Батпаев жақта өрт шықты, Успен орман шаруашылығына дейін үш-ақ шақырым қалды деді. Бірақ ауылдың өзіне дейін 15 шақырым бар. Оған жетпеуі керек деп, өз көлігіне мінді де, орманға бірақ тартты", - дейді марқұмның жұбайы Виктория.
Абай облысындағы өрт
Ол екі жасар баласымен бірге үйде қалды. Орман жақты қалың түтін басқан. Ал түнде өрттің жалыны көрінді. Тілсіз жау ауылдың шетіне де жетті.
"Мен өрттің ауылға жақындағанын көргенде қатты қорқып кеттім. Ата-анама қоңырау шалдым. Баламды ұйықтаттым да, далаға шықтым. Өрттің дыбысы естіліп тұрды. Қатты жел көтерілді. Бір уақытта үйде жарық өшіп қалды. Ауылда байланыс та дұрыс істемейді. Мейрамгүлдің үйіне жүгіріп барсам, есігі ашық, ешкім жоқ. Кеңсеге жетпедім, жарты жолда достар алып кетті. Сол кезде орманшылармен байланыс үзілгенін естідім", - дейді Виктория.
Губаевтар
Түнде ауыл тұрғындарын эвакуациялау шаралары басталды. Ертеңінде тікұшақпен барлау кезінде үш орманшының денесі табылды. Арасында Алексей Губаев та болды. Бірақ құтқарушылар қатты өрттің салдарынан оларға жақындай алмады.

Бірінші жалақысын да алмады...

42 жастағы Даниил Ганьшин Успен орман шаруашылығына жақында ғана жұмысқа тұрған. Бұрын шұжық цехында жұмыс істеген. Ақпан айында оған ота жасалып, дәрігерлер ауыр зат көтеруге тыйым салған екен. Содан жұмыстан шығып кеткен.
Жұбайының айтуынша, Даниил көлік жуумен айналысып көрді. Артынан бір ауылда тұратын кәсіби өрт сөндіруші Петр Гражданкин орман шаруашылығына шақырды. Ганьшин бірден келісті. Ол өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі қызметіне орналасты. Сол күні орман өртін сөндіруге де бір көлікпен барған. Бірақ үйге қайтып оралмады.
"Сол көлікті бір ауылдан алып келді деп естігенмін. Өте ескі болды. Даниилдың қолы май-май болып, үнемі соны жөндеп жүретін. Тура осы қақпаның арғы жағында талай рет от алдыра алмай тұратын. Сол күні мені жұмыстан алып кетті. Бәріміз кәуап жасап жедік. Кешке қарай диспетчер хабарласып, өрт сөндіруге баратын шығарсыз деді. Петр екеуі үйден жеті жарымда шыққан. Содан хабар-ошарсыз кетті. Даниил осы жұмыста бірінші жалақысын да алмады", - дейді марқұмның жұбайы Марина.
Абай облысындағы өрт
Оның айтуынша, орманшылардың арнайы киім-кешегі болмады. Өрт кезінде екеуінің денесі қатты жанып кеткен. ДНК-сараптама жасалды.
"Біз бірнеше рет денесін беруді сұрадық. Сараптама жасалады деді. Мен тісінде "фикса" бар ғой десем, қайдағы "фикса", ірі сүйектердің қалдығы ғана қалды деді. Амал жоқ, күттік", - деді Марина Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Ганьшин мен Гражданкиннің туыстары өткен демалыста ғана марқұмдардың сүйегін жер қойнына тапсырды.

Ормандағы былық-шылықтар

Марқұм Алексей Губаевтың келіншегі орманда заңсыздық көп дейді. Оның айтуынша, орманшылар жұмыстан тыс уақытта ағаш дайындаған. Айыппұлға да ақша жинап жүрді.
"Бір рет орман шаруашылғына айыппұл салды. Ол ақшаны менің күйеуім, орман бастығы, көмекшісі және тағы бір орман шебері төледі. Айыппұлды төртеуіне бөліп берген. Соны төлеп жүрді. Ешкім ләм-мим демеді. Барлығы қорқады ғой. Осы дұрыс па? Басшылықта қандай адамдар отыр өзі? Мен үндемей отырмаймын. Күйеуім айтқанның бәрін жайып саламын. 14 адамды аяған жоқ. Үндемей отырсақ, басқа адамдарды да опат қылады", - деді Виктория Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында.
"Семей орманы" резерватында мамандар қолына күрек ұстап, ескі техникамен өрт сөндіруге барып жүреді.
"Директор көліктің қосалқы бөлшектерін өздерің сатып алыңдар дейді. Ағашты кесіп келуге тапсырма береді. Бірақ біреуің ұсталсаңдар, менің қатысым жоқ дейді. Күйеуім сенбі күні де, жексенбі күні де жұмыста жүрді. Түнгі 12-де келген кездері көп болды", - деп атап көрсетті марқұмның жұбайы.
Ол басшылықтың тағы бір әрекетіне наразы. Орман өрті болсын, дала өрті болсын, түнде оған адам жіберуге болмайды. Оны кәсіби өрт сөндірушілер де біледі.
"Мейрамгүл соңғы рет түнгі сағат онның кезінде, бәлкім, сәл ертерек байланысқа шыққан деген ақпарат бар. Ол өрттің ағаштың үстімен таралып жатқанын айтқан. Соңғы сөзі - "Бізді тастап кетпеңізші!". Болды, содан кейін байланыс үзілді", - дейді Виктория.

Басшылық не дейді?

Қаза тапқан орманшылардың барлығы "Семей орманы" резерватының Жаңа Шүлбі филиалында жұмыс істеген. Директоры – Александр Вершинин. Sputnik Қазақстан тілшілері оны Шүлбі су электр станциясының жанынан кезіктіріп, орманшылардың туыстары айтқан мәселелер жайында сұрады.
"8 маусымда көрші Батпаев орман шаруашылығында өрт басталды. Ол туралы ақпарат түске дейін түсті. Ал төрттің кезінде маған бас орманшы Жиенбаева хабарласып, өрттің жақындап жатқанын айтты. Патрульдік топты жіберемін деді. Оның құрамында өрт сөндіру көлігі мен трактор болды. Олардың бір көлігі сынып тұрғаннан кейін біз орталықтан тағы бір өрт сөндіру көлігін жібердік. Ал Жерновка орман шаруашылығынан қосымша трактор барды. Кешкі сағат жетінің кезінде Жиенбаева тағы хабарласып, өртке кеткен адамдардың көмек сұрап жатқанын жеткізді. Біз оған орталықтан барған өрт сөндіру көлігі мен тракторды пайдалануға рұқсат бердік. Резерватпен де келісіп алдық. Ал қызметтік инструкция бойынша кім және қанша адам баратынын бас орманшының өзі шешеді. Ол өрт сөндіруге де жетекшілік етеді", - дейді Вершинин.
Абай облысындағы өрт
Оның айтуынша, өрт кезінде желдің бағыты күрт өзгеріп кетті, жылдамдығы да күшейді. Тура сағат 21:30-да орманшылармен байланыс үзілді.
"Оларды іздестіру мүмкін болмады. Өйткені өрт ағаштардың үстіне шығып кетті. Жел қатты болды, айналаны көк түтін алып кетті. Тікұшақ таңғы жетіде ғана жоғалған орманшыларды іздестіруге көтерілді", - деп атап көрсетті Вершинин.
Филиал басшысы Мейрамгүл мен Алексейді не себепті жұмыстан босата алмағанын да түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде орман шаруашылығында тракторшы айына 80 мың теңге алады. Бұл жұмысқа ешкім келгісі келмейді. Былтыр ғана 46 жұмыс орнының 17-сі бос тұрды.
"Мейрамгүл демалысқа өтініш жазған. Бірақ үш күннің ішінде Губаев демалысқа шықсын деп, өз өтінішін кері қайтарды. Иә, Губаев арыз жазған. Алайда біз оны қарастырып үлгермедік. Өрт басталды. Негізі, ол адамдардың біреуін жіберсек, ешкім қалмайтын еді. Өйткені олар нағыз орманшы болды. Мейрамгүл барлық жерде өзі жүрді, бірде-бір өрттен қалыс қалған жоқ", - деді Вершинин.
Абай облысындағы өрт
Филиал басшысының айтуынша, орманшылар жұмыстан тыс уақытта ағаш кеспейді. Айыппұлды да ешкім төлеген жоқ.
"Ешқандай айыппұл болмады. Оны естіген де жоқпын", - деп қысқа ғана қайырды.
Вершинин техниканың әбден ескірген растап отыр. Осы орайда ол Қостанай облысында болған өртті еске алды.
"Бізде әдетте бір нәрсе болғаннан кейін ғана іске кіріседі ғой. Былтыр Қостанай жақта орман өртенді. Содан құтқарушыларды жаңа техникамен қамтамасыз етті, жалақысын 30 процентке көтерді. Орманшыларға да жағдай жасаймыз деді. Бірақ ештеңе жасалған жоқ. Бізде көліктердің бәрі ескі, қосалқы бөлшектер, киім-кешек жоқ", - дейді филиал директоры.

Тексеріс кезінде джип жанып кетті

Мейрамгүл Жиенбаева мен Алексей Губаев орманшаруашылығында көптен бері істеп жүрген. Екеуі де орманды жан-тәнімен жақсы көрді. Мейрамгүл қалаға көшемін деп, жұмыстан кетуге арыз жазды. Алексей де өтініш қалдырған.
"Бірақ директор жібермей қойды. Бір комиссия келіпті. 10 жылға бір жоспарды дайындап жатыр деді. Тексеріс жүріп жатқан. Артынан Мейрамгүлдің арызына қол қойды. Ал Лешаны жібермеді, комиссия кеткен соң босатамыз деді. Ақыры екеуі де қаза тапты. Леша орманды қатты жақсы көрді. Жұмыстан кетемін деп жүргенде қатты уайымдады, ормансыз қалай өмір сүремін деп қояды. Былық-шылыққа да, жалақының аздығына да қараған жоқ, орманды ғана ойлады", - дейді жұбайы Виктория.
Абай облысындағы өрт
Қаза тапқан орманшылардың туыстары тексеріс кезінде жанып кеткен джип туралы айтты. Олардың айтуынша, ішінде құжаттар болды. Әлеуметтік желіде жанып кеткен көліктің видеосы да тарады.
Филиал директоры Александр Вершинин джиптің жанып кеткенін растады. Бірақ мардымды жауап бермеді.
"Мен ол туралы естідім. Бірақ сол джиптің фотосын да көрмедім. Конторамыздың жанында бір жанып кеткен джип тұр. Сол шығар. Бірақ не болғанын білмеймін. Резерват территориясында тұр", - деді Вершинин Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында.
Қаза тапқан орманшылар мен Архиповтің отбасына пәтер кілті табысталды