АСТАНА, 20 маусым – Sputnik. Абай облысындағы орман өртін толығымен сөндіруге біраз уақыт керек. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында журналистер министрден Абай облысындағы орман өрті қашан толығымен сөндірілетінін сұрады.
"Толығымен сөндіруге біраз уақыт керек. Өйткені өрт күннен күнге болуы мүмкін, бықсып жатқан жерлер болуы мүмкін", - дейді Шәріпханов.
Айтуынша, қазір өрт аумағында 200-ге жуық адам жұмыс істеп жатыр, ол ауысып тұрады. Бұған қоса екі тікұшақ жұмылдырылған.
Абай облысындағы алапат орман өрті 8 маусымда басталған болатын. Араға алты күн салып, өрт ауыздықталды. Қазір толығымен сөндіру жұмыстары жүріп жатыр.
Тілсіз жау 15 адамның өмірін қиды.