Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Украинаның қарсы шабуылы қандай нәтиже көрсетті

Sputnik
Батыстағы БАҚ қарсы шабуылдың сәтсіздігі Киевке қымбатқа түсетінін ескертті. НАТО-дағы одақтастар қаржыландыруды, қару-жарақ жеткізуді қысқартып, Украина Қарулы күштері соғыс қимылдарын бұрынғы қарқынмен жалғастыра алмай қалады, деп жазды РИА Новости.
Киев режимі қарсы шабуыл туралы өткен жылдың күзінен бері айтып келеді. Олар оны қысқа, кейін көктемге белгіледі, бірақ Украина Қарулы күштері маусымның алғашқы күндерінде ғана алға жылжыды.
Ең жоғарғы міндет ретінде Қырымды басып алу белгіленсе, қанағаттанарлық сценарий түбекке апаратын құрлық дәлізін жоды қамтыды. Бірақ майдан желісіендегі шағын аумақты еңсерудің өзінде соққы жасаушы топ қиындықтарға тап болғаны анықталды.
The Washington Post газеті Украина Қарулы күштері бірден бірнеше бағытта ілгерілеп келе жатқанын хабарлады. Ұрысқа НАТО әдістемесі бойынша дайындалған және батыс қаруларымен жабдықталған бөлімшелер жұмылдырылды. Жағдай әлі түсініксіз. Америкалық журналистер Киевке нақты нәтижеге жету үшін бірнеше ай қажет деп санайды.
Британиялық Sky News телеарнасы екі аптаға созылған шабуылдың нәтижесіз болуын миналанған алаңдардың салдарымен ақтауға тырысты. Сонымен қатар ресейлік әскер жақсы қорғанып, тактикалық шептер арасында маневр жасай алады, бұл шабуылдаушыларға қиындық тудырып отыр деген пікір айтылды. Жалпы Батыстың броньдалған машиналары, оның ішінде ауыр көліктері кеңінен қолданылғанымен, операцияның сәтті өтуі күмәнді болып тұр.
Bild әскери шолушысы Юлиан Репке Украина Қарулы күштері Доонецк Халық Республикасында біршама жетістіктерге жеткенін, бірақ Запорожье облысында жағдай нашар екенін айтты. Батыстық сарапшылардың пікірінше, Орехов қаласының маңында бір аптаның ішінде Киев кем дегенде жеті Leopard 2 танкі мен 12 Bradley жаяу әскерге арналған жауынгерлік машинасынан айырылды. Дегенмен 40 мыңға жуық жауынгер әлі резервте тұр.
Reuters агенттігі Украина Қарулы күштері қорғаныстың негізгі шебіне жақындаған кезде тым ауыр шығынға ұшырап, шабуылды жалғастыра алмайды деп қауіптенеді. Себебі Ресей әскерінің бекініс тереңдігі он-он бес шақырымды құрайды.
Бірақ Чехия президенті, отставкадағы армия генералы Петр Павел оптимизмге толы пікір білдірді. Оның айтуынша, Украина әзірге байыппен ешқандай шара қабылдаған жоқ, қазіргі соғыс қимылдары тек дайындық кезеңі ғана болып отыр. "Әскери тәжірибеме сүйене отырып, мен оны қалыптастырушы операциялар деп атар едім", - деді ол. Отставкадағы генералдың пікірінше, 10-12 шілдеде Вильнюсте өтетін НАТО саммитінде альянс Киевке Израильге ұсынғандай қауіпсіздік кепілдігін береді. Яғни, қару-жарақпен қамтамасыз етіп, әскери технологияларға жол ашады.
Өз кезегінде Еуроодақ әскери штабының басшысы Эрве Блежан НАТО Украинаға әскер кіргізбейтінін, өйткені альянс қақтығысқа қатысушы тарап емес екенін және оны көздемейтінін тағы қайталап айтты. Сондай-ақ LCI француз телеарнасына берген сұхбатында ол Украина Қарулы күштерінің қарсы шабуылының нәтижесіне қарамастан, соғыс жалғаса беретінін мәлімдеді. "Олар барлық аумақты қайтара алмайды", - деді Блежан.
НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Украина Қарулы күштерінің операциясы шешуші сипатқа ие болады деп айтуға әлі ерте деп санайды. Бірақ Киев ілгерілеген сайын оның келіссөз кезіндегі ұстанымы соғұрлым күшті болады. Дегенмен альянс жаңа қару-жарақ жеткізуге қатысты соңғы шешімді әлі қабылдаған жоқ.
Украина Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Валерий Залужный АҚШ-тың Біріккен штабтар басшылары комитетінің басшысы Марк Миллимен телефон арқылы сөйлескен кезде "қорғаныс және шабуыл сипатындағы" ауыр шайқастар туралы хабарлап, әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейтуді сұрады.
Президент кеңсесі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк былай деп мәлімдеді: "Біз әлі қарсы шабуылды бастаған жоқпыз, бірақ Ресей жеңдік деп отыр". Оның айтуынша, қазіргі уақытта Украина Қарулы күштері бірнеше мәселені шешіп жатыр: Ресейдің мейлінше көп адам күші мен техникасын жою, сондай-ақ шағын бөлімшелермен қарсы тарапты қорқытып, бірнеше бағытта алға жылжу. Бірақ тіпті Киевтегілердің бәрі бірдей онымен келісіп отырған жоқ.
Бұл батыстық одақтастар мен қала тұрғындары күткен қарсы шабуыл емес, дейді саясаттанушы Константин Бондаренко. Жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында ол украиналықтар жеңіске емес, қырғын қантөгіске дайындалу керек деді. "Саяси және әскери басшылыққа наразылық күшейеді. Сонымен қатар президент Владимир Зеленский мен осы операцияны қолдамаған Залужный арасындағы текетірес те өршігені байқалады. Сондықтан Құрлық әскерінің қолбасшысы Александр Сырский алдыңғы шепте қызмет етіп жатыр", - деп түсіндірді Бондаренко.
Украиналық саясаттанушы Руслан Бортник Киев Қырымға баратын құрлық дәлізінің бір бөлігін бақылауға алса ғана қарсы шабуылдың нәтижесі туралы айту орынды болар еді деп есептейді. Бортник бұл операция қалай аяқталса да, одан кейін 2022 жылдың көктемінде Түркияда тоқтап қалған келіссөздің қайта жандануы ықтимал екенін айтты.
Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетінің сарапшысы Денис Денисов та келіссөз жалғасуы мүмкін деп болжайды. "Егер Украина қарсы шабуылда сәтсіздікке ұшыраса, оның одақтастары соңғы бір жарым жыл ішінде жұмсалған барлық әскери көмек тиімсіз болды деп шешеді. Ресей мен Украина әскери тілшілерінің, сондай-ақ батыстағы БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, әскеери қолдау азаяды", - дейді ол.
Ресейді ұрыс даласында жеңе алмау Киев билігін бейбітшілік немесе бітімгершілік туралы келіссөзге қайта оралуға мәжбүрлейді, деп есептейді Денисов.