Қарағандыда балалар алаңында зардап шеккен екі баланың бірі жансақтау бөлімінде жатыр

Sputnik
АЛМАТЫ, 19 маусым – Sputnik. Қарағандыда қатты желден қирап қалған ойын алаңында екі бала зардап шекті, деп хабарлайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
"2015 жылы туған жеткіншек профессор Мақажанов клиникасына жеткізілді. Баланың бас миы ауыр жараланған. Бас сүйегі бірнеше жерден сынған. Білегінің де сүйегі сынған. Бала жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайы ауыр", - дейді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қираған алаңда зардап шеккен 2014 жылғы тағы бір жеткіншектің миы шайқалып, денесі көгеріп қалған. Ол облыстық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылған.
Ауа райына байланысты Қарағанды орталық саябағында барлық ойын-сауық нысандарының жұмысы тоқтатылды. Аттракциондар, катамарандар, қайықтар жұмыс істемейді.
Естеріңізге сала кетейік, 19 маусым сағат 14.00-де "Көгілдір тоғандар" шағын ауданында қатты дауыл соғып, ойын алаңына төселген жасанды төсенішті жұлып әкетті. Салдарынан екі бала зардап шекті.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожықовтың айтуынша, жасанды көгалды жаюмен мердігер ұйым өткен аптадан бастап айналыса бастаған.
"Ол периметрі бойынша ғана бекітілген, бірақ пайдалануға берілмеген, себебі ойын элементтерін орнату керек болатын. Ата-аналардан осындай ауа-райында балаларды қараусыз қалдырмауын сұраймын! Аудандардың екі әкіміне барлық балалар алаңдары мен көгалдардың бекітілуін тексеруді тапсырдым", - деп жазды әкім.