АСТАНА, 19 маусым – Sputnik. Мәжіліс депутаты, аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев үкіметтің жеміс-көкөніс саласына қатысты саясатын сынға алды. Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында статистикалық деректер анық емес, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутаттардың пікірінше, статистиканың анық әрі дәл болмауы үкімет қабылдаған барлық шараның тиімділігін жоққа шығарады және бұл бүкіл ауыл шаруашылығы саласының жүйелі проблемасына айналды.
"Статистикалық деректер саладағы нақты ахуалды, істің мән-жайын көрсетпейді. Мысалға, деректер бойынша картоп жеткілікті мөлшерде өндіріледі, бірақ осыған қарамастан, оны сырттан әкелеміз, яғни импорттаймыз. Биыл наурыз-маусым аралығында Пәкістаннан 120 мың тонна картоп әкелінеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге қатысты статистикада асыра сілтеушілік бар!", деп мәлімдеді Егізбаев мәжілістегі үкімет сағатында.
Айтуынша, мұндай жағдайға әкімдіктер қызметінің тиімділігін бағалаудың нәтижесінде олардың арасында көп жылдан бері қалыптасқан өзара жасырын бәсекелестік ықпал етіп отыр.
"Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне осылай баға беруден бас тартып, жұмыс тиімділігін бағалаудың басқа әдістеріне көшкен дұрыс болар. Үкіметке статистикалық деректердің анықтығын қамтамасыз ету үшін мәліметті жинау мен есепке алу жолдарын қайта қарау қажет деп есептейміз", - деді мәжілісмен.
Сондай-ақ ол орталық мемлекеттік органдар және жергілікті атқарушы органдардың осы бағыттағы салааралық іс-әрекеттері үйлесімді және тиімді емес.
Мысалға, экология министрлігі – сумен қамту, энергетика министрлігі – энергия тасымалдағыштарды (көмір, газ, электр энергиясы, ЖЖМ) уақтылы жеткізу және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдайтын тарифтер, сауда министрлігі – импорт және экспорт, сауда желілерімен өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп ортақ шешім қабылдамайды. Әкімдіктер ӘКК-ның тиімді жұмысын және бірінші кезекте ауылда сервистік-дайындау желілерін ұйымдастыруды дұрыс жолға қоя алмай отыр. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүддесін қорғайтын және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіретін ықпалды орган бола алмай отыр, деп санайды депутат.