АСТАНА, 17 маусым – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Президенттің айтуынша, кинотеатр иелері отандық фильмдерді экраннан көрсету үшін қомақты қаржы талап етеді. Оған қоса, билеттен түскен қаржының едәуір бөлігі тағы кинотеатрлардың және жеке компаниялардың қалтасына кетеді. Ал киногерлер фильмді нақты қанша адам көргенін білмей отырады. Осылайша, киноға бүкіл білімін, күш-қайраты мен уақытын сарп еткен мамандарға табыстың аз ғана бөлігі тиеді.
"Отандық киноның дамуына жаңаша көзқарас, тың серпін керек. Мысалы, киноға барған көрермен санын есептейтін цифрлық жүйе енгізуге болады. Мәдениет және спорт министрлігіне жуық арада осы жүйені дайындап, қолданысқа енгізуді тапсырамын", - деді Тоқаев Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда.
Бүгінде киногерлер мен кинотеатрлардың арасындағы қарым-қатынаста екі жақтың да мүддесі ескерілуі керек. Сонда ғана өскелең ұрпақ шетелдің кейіпкеріне емес, өз батырларымызға қарап бой түзейтін болады. Бүгінде табыстың біраз бөлігі бір жаққа кетіп жатқаннан кейін кино мамандары өте арзан фильмдер түсіруге мәжбүр. Содан құны арзан, мазмұны арзан фильмдер шығып жатады.
"Кезінде шыққан "Қыз Жібек", "Отырардың күйреуі", "Атаманның ақыры" сияқты классикалық фильмдер түсірілуі керек деп санаймын. Сол кезде шығармашылық еркіндік, мол қаражат және компьютерлік графика да болған жоқ. Дегенмен, фильмдер түсірілді, әлі күнге дейін халықтың жүрегінен ойып тұрып орын алады. Шынын айтуымыз керек, соңғы кезде түсірілген тарихи фильмдердің олқылықтары көп. Сол үшін мамандармен ақылдасып, жалпы кино саласын реформалау керек", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.