АСТАНА, 16 маусым – Sputnik. Ресейде 14-17 маусым аралығында Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы (СПХЭФ) өтті. Форумның үшінші күнінде Ресей президенті Владимир Путин пленарлық отырысқа қатысып, елдің ішкі және сыртқы саясатына, жаһандық қауіпсіздікке қатысты сөз сөйледі, деп хабарлайды РИА Новости.
Владимир Путин әлем алдында туындаған сын-қатерлер қауіпсіздік барлығына тең болуы керектігін түсінуге әкелетінін айтты.
"Бүгінде біз тап болып отырған сын-қатерлер қауіпсіздік барлығы үшін бірдей болуы керек екенін ұғынуға әкеледі деп үміттенемін. Бұл туралы біз әрқашан әріптестерімізге айтумен келеміз", - деді Путин СПХЭФ пленарлық отырысында.
Путин Ресейде ядролық қару көп екенін және НАТО-ның қалауына қарамастан олардың қорын азайтпайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол ОПЕК+ бірлескен іс-әрекеттер арқылы нарықты теңестіре алып отырғанын да айтты.
"Тұтастай алғанда, ОПЕК+ бірлескен іс-әрекеттер арқылы нарықты теңестіре алып отыр", - деді Путин СПХЭФ пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде.
Ресей президенті ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді қысқарту жөніндегі барлық шешімі саясаттан тыс екенін және арнайы әскери операцияға қатысты емес екенін айтты.
"Алжир де осы ОПЕК+ тобының мүшесі болып табылады. Осы ұйымның аясында бұл шешімдерді қабылдау кезінде Алжирмен бірге кеңесеміз. ОПЕК+ аясында өндірісті азайтуға қатысты барлық шешім саясаттан тыс сипатта. Олар Ресейдің арнайы әскери операциясына немесе кез келген басқа жеке мүддеге қатысты емес. Ол шешімдер өндірушілер мен тұтынушылар мүддесіндегі экономикалық мақсаттағы мәселелерге қатысты", - деді Путин.
Сонымен қатар Путин форумның пленарлық отырысында Ресей ешқашан әлем экономикасын долларға тәуелсіз етуді көздемегенін айтты.
Ол жалпы Ресейдің мұнай-газ нарығы жақсы жағдайда және даму келешегі бар екенін мәлімдеді.
"Жалпы қазір Ресейдің мұнай-газ нарығының жағдайы жақсы және тамаша даму келешегі бар", - деді Путин.
Владимир Путин санкциялардың Ресейге салдары туралы да пікір білдірді. Ол өзге елдерді жасанды түрде шектеуге тырысатындар ең бірінші болып санкциялардан зардап шегетінін және санкциялар Ресейдің дамуына кедергі келтірмейтінін мәлімдеді.
"Жасанды шектеудің барлық әрекеті осы шектеулерді енгізген тараптардың өздері көбірек зардап шегуіне әкеледі. Біз бұған қуанбаймыз. Бірақ бұл біздің дамуымызға кедергі келтіретін жағдайлар туындауына әкелмейді", - деді Путин.
Ол Батыс өз аумағында күрт инфляция туындауына өзі себепкер болғанын да айтты.
"Олар өздері инфляцияның күрт өсуіне себепші болды. Өйткені олар триллиондаған долларды экономикаға еш есепсіз құя берді. Бұл инфляцияға себеп болғаны белгілі. Біз емес, өздері қолдан жасады. Мұның барлығы Украинада арнайы әскери операция басталғанға дейін болған жағдай. Енді осы ахуалға Ресейді жауапты еткілері келеді", - деді Ресей президенті.
Путин Ресейдің Қытайға тәуелділігі туралы пікір айтатындарға қатысты да мәлімдеме жасады.
"Ресей Қытайға тәуелді болып жатыр деген пікір айтатын тараптардың өздері баяғыда-ақ Қытайға тәуелді болып қойған. Себебі Қытай мен Еуроаймақ елдері арасындағы тауар айналымының өсу қарқыны Қытай мен Ресейдің сауда қарым-қатынасының өсу қарқынынан да жоғары", - деді ол.
Путин Ресей Қытаймен, Үндістанмен және қазір қарқынды дамып келе жатқан басқа елдермен жақсы қарым-қатынаста екенін айтты.
Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Алжир президенті Абдельмажид Теббун әлем жасырын экономикалық соғыспен бетпе-бет келіп тұрғанын айтып, Ресейге қарсы "ақылға қонымсыз бастамалар" көтеріп жатқандар ақылға келеді деп үміт білдірді.
"Бүгінде біз жарияланбаған жасырын экономикалық соғыстың куәсі болып отырмыз. Бұл өз алдына жат, әдеттен тыс соғыс ", - деді Теббун Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында.
Ол 1950 жылдардағы қырғи-қабақ соғыс дәуірінде болған оқиғалар мен қазіргі оқиғалардың арасындағы үлкен айырмашылықты да атап өтті.
"Қажеттіліктер өзгерді. Ресей сияқты көп астық өндіретін ел аз. Ресейді өз саясатынан, оның ішінде ауыл шаруашылығы, астықпен қамтамасыз ету саласындағы бағытынан бас тартуға сізді ешкім мәжбүрлей алмайды. Ресейге қарсы "ақылға қонымсыз бастамалар" көтеріп жатқандар ақылға келеді және дұрыс экономикалық сяасат жүргізеді деп үміттенемін, - деді Теббун.
Ол Алжир таяу болашақта БРИКС-ке қосылғысы келетінін мәлімдеді.
"Мен өз елімнің атынан жақын арада БРИКС ұйымына қосылғымыз келетінін мәлімдеймін. Бұл ел экономикасын қазір тап болып отырған кейбір қысымдардан босату үшін қажет", - деді ол.
Айта кету керек, БРИКС ұйымы Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африканы біріктіреді. Экономикалық блокқа Алжирден басқа Аргентина, Иран, Индонезия, Түркия, Мысыр және Сауд Арабиясы да қосылуға ниет білдірді. Биыл ұйымға Оңтүстік Африка төрағалық етеді. Ұйымның 15-ші саммиті тамыз айында Йоханнесбургте өтеді.
Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына биыл Алжир президенті Абдельмажид Теббун, Куба премьер-министрі Мануэль Марреро Крус, Армения президенті Ваагн Хачатурян және Оңтүстік Осетия президенті Алан Гаглоев қатысты.
Украинада арнайы әскери операцияны бастағаннан кейін Батыстың бастамасымен әлемнің бірқатар елі санкция енгізуі салдарынан Ресей экономикасы бірқатар кедергілерге тап болды. Дегенмен Ресей билігі Ресей экономикасының санкциялық саясаттың соққыларына төтеп бергенін бірнеше рет айтып, дамудың оң динамикасы бар екенін мәлімдеді.