Абай облысындағы орман өрті

Вице-министр орман өрті туралы: кеш бардық деп есептемейміз

Sputnik
АСТАНА, 15 маусым – Sputnik. Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев өрт сөндірушілер Абай облысындағы орман өртін сөндіруге кеш барды деп санамайды.
Оның айтуынша, алгоритм бойынша әр құзыретті орган өз қызметкерлерінің жұмысын ұйымдастырады.
"Біз өз қызметкерлерімізді апардық, ұйымдастыру жұмысын жасап жатырмыз. Ал ең басынан өртті сөндірген орман шаруашылығының басшылығы", - деді Күлшімбаев сенат кулуарында.
"Яғни, сіздер жауапкершілік сезінбейсіздер, экология министрлігі жауап беруі керек. Солай ма?", деген журналистердің сұрағына: "Енді олардың жұмыстары", деп қысқа қайырды. Осы ретте БАҚ өкілдері "сіздер кеш бардық деп есептемейсіздер ме?" деп сұрады. "Жоқ, кеш бардық деп есептемейміз", - деп жауап берді бірінші вице-министр.
Сондай-ақ Күлшімбаев орман өртін 60 жылдардағы ескі техникалар сөндіріп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.
"Бұл жалған. Бізде барлығы 3 200 бірлік техника бар, соның ішінде 470 техниканың пайдалану мерзімі жиырма жылдан асып кеткен. Ең алдымен соларды ауыстыру керек. Бірақ 60-шы жылдардағы техника бізде жоқ", - деді ол.
Бұған дейін Күлшімбаев Абай облысындағы орман өрті болжаммен 4-5 күннен кейін сөндірілетінін мәлімдеді.