АСТАНА, 15 маусым — Sputnik. Абай облысындағы өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы С.Н. Архиповтің отбасына Семей қаласынан жаңа пәтерлердің кілті табысталды, деп хабарлайды өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.
Пәтерлер Қарағайлы шағын ауданында орналасқан. Абай облысының әкімі қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілтін тапсырды.
Әр отбасы 7 млн теңге, сондай-ақ, қосымша әр балаға 2 млн теңге төленеді.
Оларға асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем беріледі.
Сонымен қатар, қайтыс болғандар мен олардың отбасыларының несие жүктемесіне ықтимал есептен шығару үшін талдау жасалады.
Еске сала кетейік, Абай облысындағы алапат өрттен қызметтік борышын орындау кезінде орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза тапты.
Кейіннен 15-адамның – тракторшы Сергей Архиповтің қайтыс болғаны белгілі болды. Ол өрт сөндіруге көмектесу үшін өз көлігімен барған. Сараптама қорытындысы жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсетті.
Бүгін Сергей Архиповті орман өртінен құрбан болғандар тізіміне қосып-қоспауды арнайы үкіметтік комиссия шешетіні айтылды.