Абай облысындағы орман өрті

"Комиссия шешеді": орман өрті кезінде қаза болған 15-ші адам құрбандар тізіміне қосыла ма

Sputnik
АСТАНА, 15 маусым – Sputnik. Абай облысында көз жұмған тракторшы Сергей Архиповты орман өртінен құрбан болғандар тізіміне қосып-қоспауды арнайы үкіметтік комиссия шешеді. Бұл туралы сенат кулуарында үкімет мүшелері мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Вице-премьер – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Сергей Архиповті орман өртінен қаза тапқан 15-ші құрбан деп тану мәселесін үкіметтік комиссия шешетінін айтты.
"Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Марқұм өрт орнына барған ба, жоқ па, анықтайды. Оны тізімге қосу-қоспауды үкіметтік комиссия шешеді. Бірақ ол отбасының асыраушысы болды ғой, сол себепті жақындары мемлекеттен асыраушысынан айырылу бойынша тиісті әлеуметтік төлемдерді алады", - деді Дүйсенова.
Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Архипов өрт кезінде көз жұмғандықтан, оны 15-ші құрбан деп атап жүргенін айтты.
"Бір уақытта бір топта болған 14 орманшы қаза тапты. Осыдан кейін трактормен бөлек шыққан адамды іздеу жұмыстары басталды. 15-ші мәйіт табылды. Ол өрттің ішінде болған соң, біз 15 адам деп айтып отырмыз. Ал енді оның нақты себебін сараптама айта алады", - деді Күлшімбаев.
Осы орайда журналистер Архиповтың отбасына көмек көрсетіле ме деп сұрады.
"Мен қазір ештеңе айта алмаймын. Сараптама оның жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсетті", - деді вице-министр.
14 маусымда Бас прокуратура Абай облысында өлі табылған тракторшы Сергей Архипов өрттен қаза болғандар тізіміне кірмейтінін мәлімдеген еді. Алайда марқұмның жесірі мұнымен келіспейді, әділдікті талап етіп отыр.
Еске салсақ, 13 маусымда Абай облысында Бесқарағай ауданы Долон ауылының тұрғыны Сергей Архиповтың мәйіті табылды. Полицейлер тракторшының денесін өрт сөндіру орнынан 50 шақырым жерде тапқан. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы 1987 жылғы ер адамның жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болғанын көрсеткен.
Абай облысындағы алапат өрттен орман шаруашылығының 14 қызметкері қаза болды. Олар өз учаскесіндегі өртті сөндіруге шыққан.
Абай облысындағы орман өрті
Вице-министр орман өрті туралы: кеш бардық деп есептемейміз