Газетпен жол нұсқаған: еңбек демалысындағы полицей кептелістегі жүргізушілерге көмектесті

Sputnik
АСТАНА, 15 маусым - Sputnik. Казнетте қолына газет алып, жол қиылысында тұрып қалған көліктерге бағыт-бағдар берген ер адамның видеосы тарады.
Орал қаласында жарық сөніп, қаланың кей бөліктерінде бағдаршамдар істемей қалғаны белгілі болды.
"Сағат 16:15 уақыт шамасында Әбілқайырхан даңғылы мен Сырым Датұлы көшесінің қиылысында жол кептелісі орын алып, автокөліктердің жүруі қиындық тудырған. Осы уақытта кептеліске тап болған полиция қызметкері Руслан Жексенов автокөлігін тұраққа қойып, қолына іліккен газетті арнайы таяқша орнына қолданып, бағыт-бағдар жасады", - делінген хабарламада.
Жолаушылар мен жүргізушілер осы сәтті бейнекамераға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған. Полиция қызметкері Руслан Жексенов қазіргі уақытта кезекті еңбек демалысында бола тұра, орын алған кептеліске бей-жай қарамай, жүргізушілерге көмектесті.