АЛМАТЫ, 15 маусым – Sputnik. Ақтау қаласында үстіне футбол қақпасы құлап кеткен 16 жастағы бозбаланың жағдайы нашарлап кетті, деп хабарлады Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Оқиға 20 мамырда болған.
"Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 16 жастағы бозбала келіп түсті. Ойнап жүргенде футбол қақпасының темірі құлап, басына зақым келтірген. Түскен кезде естен танып, басы ауырғанын айтып шағымданған", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы.
Науқасты дәрігерлер ауруханаға жатқызады. Ал 24 мамырда кешке баланың анасы ауруханаға келіп, баласы үйде емделетінін айтып, алып кеткен. Дәрігерлердің 5-7 күн жатып ем алу керек дегеніне қарамастан, "ешқандай шағымым жоқ" деп қолхат жазып берген. Бала 7 күн үйінде ата-анасының бақылауында болған.
"31 мамырда жасөспірім үйінде есінен танып, денесі құрысқан. Жедел жәрдем шақыртып, алғаш көмек көрсетілген соң Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер инсульт белгілері бар екенін анықтаған. Бала комаға түсті. Жедел реанимация бөліміне жатқызылды. Жағдайы қазір таңда өте ауыр", - дейді ведомство.