АСТАНА, 14 маусым - Sputnik. Абай облысының үш ауылының эвакуацияланған тұрғындары Семей қаласындағы колледж жатақханаларына уақытша орналастырылды, деп хабарлайды өңір әкімдігі.
"Семей орманы" резерватындағы өрттен туындаған қатты түтіннің салдарынан Талица, Половинки және Бұлақ ауылдарының 189 адамы үш эвакуациялық пунктке жайғастырылды.
Талица ауылының эвакуацияланған тұрғындарының бірі Әсел Қадырбекова түтін басқан аумақтан өздерін қалай алып шыққанын айтып берді. Әселдің айтуынша, оларды екі рет эвакуациялаған. Алдымен 9 маусымда педагогикалық колледжінің жатақханасына орналастырған. Келесі күні таңертең олар үйлеріне қайтқан. Бірақ бір сағат өтпей жатып, ауылды қайта түтін басқан. Амалсыздан оларға Семейге қайтуға тура келген.
"Түнде қараңғы болды. Тағы да эвакуация жарияланды. Полицейлер үйлерді аралап, әрқайсымызға ешкім қалып қалмас үшін ескерту жасады", - деді ол.
Әсел эвакуациялданған тұрғындар электротехникалық колледждің жатақханасына орналастырылғанын айтты. Оның айтуынша, әр отбасына бөлме таңдау ұсынылған.
"Күніне үш рет жақсы тамақтандырады. Асханадағы үстелде үнемі тәттілер тұрады, балалар алаңсыз тамағын іше алады. Бір сөзбен айтқанда, біз шипажайдағыдай өмір сүрудеміз. Үйлеріміз туралы уайым болмағанда, жай ғана рахаттанып демалуға болар еді", - деп ризашылықпен атап өтті Талица ауылының тұрғыны.
Эвакуацияланған 28 балаға биоорталыққа, қалалық мұражайларға және ойын-сауық орталықтарына тегін сапарлар ұйымдастырылды. Жатақханада екі ауысымда Семей теміржол ауруханасының дәрігерлері кезекшілік етіп, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуде.
Талица ауылының тағы бір тұрғыны Ирина Ширян да эвакуациялық пункттің қызметкерлері мен еріктілерге көрсеткен қамқорлықтары үшін алғысын білдірді.
"Кеше бәрімізді моншаға апарды, жуынуға қажетті заттар, сүлгілер берілді. Эвакуация кезінде үй аяқ киімімен шыққан зейнеткерге ыңғайлы аяқ киім әкелінді. Жалпы, киім, аяқ киім және басқа да қажетті заттар жеткілікті. Бізге қажет нәрсенің бәрі бар", - деді Ирина Ширян.
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев эвакуациялық пункттерге барып, тұрғындардың қал-жағдайымен танысты. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына өрттің қазіргі жағдайы туралы айтып берді.
"Елді мекендерге өрт қауіп төндірмейді. Сіздерді қатты түтін болғандықтан ғана эвакуациялауға тура келді. Өртпен күрес жалғасуда. Әрине, желдің екпіні жағдайды қиындатады", - деп түсіндірді облыс әкімі.
Бүгінгі таңда үш эвакуациялық пунктте 189 адам орналастырылса, Семейде 800 адамды қабылдауға мүмкіндік беретін 9 пункт жабдықталған.