Алматыда шетелдік әйелді итерген полицей қызметінен босатылды

Sputnik
АЛМАТЫ, 14 маусым – Sputnik. Алматыда шетелдік әйелді итеріп, жерге құлатқан полиция жұмысынан босады, деп хабарлайды қалалық полиция департаметінің баспасөз қызметі.
Оқиға Алматыдағы дәмханалардың бірінің жанында болған.
"Сәтпаев көшесіндегі ойын-сауық мекемелерінің желісі бар. Бұл жердегі тұраққа көлік жүргізушілерінің көлігі сыймай кетеді. Салдарынан жол тарылып қалады. Біздің полицейлер ережелерді сақтау үшін ара-тұра рейд жасайды. Келеңсіз оқиға сондай күндердің бірінде болған", - дейді қалалық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек.
Полицияның айтуынша, дәмханадан шыққан шетелдіктер полиция көлігінің ішіне отырғысы келген.
"Олар көлікті қызық көрген болуы керек, ішіне кіріп отырғысы келген. Тіпті бір шетелдік азамат көлікке мініп алған. Полиция одан көлік салонынан шығуды сұраған. Ол шыққысы келмегендіктен, қызметкер рульге отырып, оны кезекші бөлімге апармақ болған. Осы кезде екінші әйел есікті тарта бастаған", - дейді Салтанат Әзірбек.
Полицияның айтуынша, шетелдіктер ішімдікке қызу болған. Есікке жармасқан шетелдік әйелді орнын қозғамақ болып итергенде ол құлап түскен. Салдарынан полиция жұмыстан шығарылды. Ол маман құқық қорғау органының қатарына жақында ғана жұмысқа алынған.
Еске сала кетейік, бұл оқиға маусым айының басында болған. Полиция мен жанжалдасқан әйелдердің бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарап кетті.
Бұл оқиғаға қатысты әлеуметтік желідегі оқырман пікірі екі бөлінді. Басым көпшілігі Қазақстанға келіп, әдепсіздік танытқан шетелдіктерді кіналады.